Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  237


Автор: Әбділда Тәжібаев

С.. .ға

Шашыңа түскен ақтарды
Аңғармай қалай келгенмін,
Көзінде жанған оттарды
Сөнбес деп қалай сенгенмін?
Сақтармын деуші ем, аяулым,
Сұғынан сені көргеннің.
Тиіпті - ау көзі ақыры
Атқанын жығар мергеннің.
Бетіңе түскен әжімді
Аңғармай қалай келгенмін,
Аяулым, менің арымас
Дегенге қалай сенгенмін?
Күтермін деуші ем тигізбей
Лебін де суық желдердің...
Апырым-ау, не еткен аңғал ем
Қолымнан қалай бергенмін.
Жарқ ете күліп шыққанда
Ішінен жарық бөлмеңнің
Жылытушы едің жанымды,
Гүлдерін ашып кеудемнің.
Ермектей қызық керуші ем
Өткенін заулап күндердің.
Тұрар деп жастық айнымай
Апырым-ау, қалай сенгенмін.
Қадірі жоқ қой алғанның,
Күйігі жаман бергеннің,
Қадірі жоқ қой жанғанның,
Күйігі жаман сенгеннің.
Әйтсе де, жаным, сыр берме,
Көрінбе маған көңілсіз.
Көрінсең маған көңілсіз
Көрінер дүние өмірсіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу