Өлеңдер ✍️

  05.09.2026
  116


Табиғат



Табиғат мəңгі тірек адам үшін,
Адам үшін жəне де қоғам үшін.
Ғасыр өтсін жыл өтсін дəуір өтсін,
Тоқтатпаған ешқашан адал ісін.

Табиғат біздің мəңгі тынысымыз,
Ол барда ортаймайтын ырысымыз.
Өсіп-өндік бəріміз саясында,
Алға жүріп əрдайым жұмысымыз.

Адам үшін табиғат шаршамады,
Шаршамайды жасайды қаншама əлі.
Залалдармен күресіп келе жатыр,
Адамзаттан көп қысым болса дағы.

Болсын мейлі табиғат күй əніміз,
Мейлі қолдап қорғасын зиялымыз.
Бізге қанша пайдасы тигенімен,
Біздің сонша жасалар зиянымыз.

Қырамыз ұшып жүрген құстарын да,
Қалдырып қу тірліктің қыспағында.
Елемейміз атылған құс түрінің,
Ең соңғысы ажалды құшқанын да.

Қырамыз жортып жүрген аңдарын да,
Елемей санаулы-ақ қалғанын да.
Қаншама аңдар елден жоғалғандай,
Бір күні бос қалмасын орманың да.

Теңізім бар, көлім бар, өзенім бар,
Игілікке пайдалан керегіңді ал.
Бірақ оған лақтырып қалдықтарды,
Химикатқа толтырып нелерің бар.

Кетіп жатыр бəрі де текке дейміз,
Қабырғасын жұртымның сөкпе дейміз.
Табиғаттан тілсіз жау келген кезде,
Соншама не жаздық деп өкпелейміз.

Білеміз қиналғанда паналауды,
Білеміз саясында саялауды.
Бірақ та қазынасын тонай бермей,
Бір сəтке ұмытпайық аялауды.

Тəуекелов Азамат Қайратұлы



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

10.09.2026 08:18
гИцЕ

Пікір жазу