Өлеңдер ✍️
ҚАРАЙҒАН ЖҮРЕК
Аруағыңмен тыңдасаң, наз айтайын, Мағауин,
Адал жолдан адаспа деп жетеді маған үн.
Ниет – Мағжан тындырмай кеткен істі тындыру,
Қалыптасқан қағида талаптарын сындыру.
Еріншектік, салақтық, қаннан шықпай надандық,
Сағым-арман боп кетті қасиетті адамдық.
Жазу – мұрат болмады, белсенділік өсіріп,
Бір көш алып барады «Бәрекелді» өшіріп.
Тұрмыс билеп санамды, харап болды мақсатым,
Сүйкеніп жүр сиырша тойып алған жақсы атым.
Көштен қалсам – елден ұят, таптағандай арымды,
Көрсетуге тиіспін тегімдегі дарынды.
Шын дарынмен аузыма қаратсам да талайды,
Ой көзі жоқ қоғамнан есті жүрек қарайды.
Тік жүрейін десем де, тұла бойда әбілет,
Көпке жағам деп жүріп, өшер қарым-қабілет.
Кіріптар хал негіз боп төмендеткен өресін,
Байқап келем мансаппен биіктеген төресін.
Астанаға көз салсам, көбі табан жалайды,
Алматыға бет бұрсам, қырт мақтанды қалайды.
Қызылжар да оңбай тұр, жазармандар – зиялы,
Өтірікші қоғамға сыймас талант қиялы.
Өз тегінен безінген сенің «Сары қазағың»,
Ұлттық кодты көтеріп, көрем жұрттың мазағын.
Той, жаназа көбейіп, жазар қолды матаған,
Жырларың қап тасада, тек пайдаңды атаған.
Абай тілін түсінбей, сұлу сөзге алдандым,
«Самрат – талант» дегеннің жалғанына малдандым.
Енді қайтып шығамын мына қара түнектен?
Аға буын – самауыр, ақыл ақпас шүмектен.
Жөн сілтейтін аталар қарайлап жүр, беделге,
Арман бар ма сен құсап тайып тұрсам, шет елге?
Өзім түгіл, жаңғырып жете ме екен саған үн,
Боқ-сідіктен шықпадым, кешір, Мұхтар Мағауин!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇