Өлеңдер ✍️

  28.07.2026
  24


Автор: Жүсіп Қыдыров

Сұлулыққа құмартпайтын бар ма адам

Сұлулыққа құмартпайтын бар ма адам,
Оны көрсе, мылқау жүрек сарнаған.
Желөкпелер желіп өтіп қасыңнан,
Сүймесе де, саған өлең арнаған.

Сүймесе де, саған өлең арнаған,
Сүйемін деп сені, өзін алдаған.
Сендей өртті менше сүйер жасқанбай,
Айтшы өзің, бұл фәниде бар ма адам?

Айтшы өзің, бұл фәниде бар ма адам
Тапқанынша Сені – тыным алмаған:
Мен бе екенмін Сені іздеп құс қанатты,
Ат тұяғы жетпес жерге бармаған?!

Жырға қоспай тұра алады сені кім,
Ерлігі жоқ сабаздардың көбінің.
Бір көргенде өлең арнап жазғанмен,
Мына мендей арнай алмас өмірін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу