Өлеңдер ✍️

  27.07.2026
  8


Автор: Гүлзия Тәжіханқызы

ТІЛ ТАҒДЫРЫ

 


Байлаған тілім ғасырдан бекіп тамырын,
Дарыған қанмен ділім мен тілім - тағдырым.
Асыра сілтеп, мәнісін сезбей жас ұрпақ,
Түсінбей жүр ме тілінің қазір қадірін?


Бесіктен шықтың кешегі күні іңгәләп,
Өсірді анаң бақытқа сені мың балап.
Туғаннан бойға, санаңа сіңген өз тілің,
Дәулет боп қонар жұрты мен тілі барға бақ.


Жығылсаң жолдан, аяйды бүгін кімді кім,
Қолыңмен аштың дүбәра тілдің түндігін.
Өзінің тілін ұмыту – ұлтқа қасірет,
Бүгін де міне, алты Алаш елге төнді мұң.


Жарамас тіл мен жұртыңды құрбан еткенің,
Босағанда әрбір, төріңде өніп көктедің.
Мақтаныш санап, тіліңде өзге үн қатып,
Анаңның тілін ұмытқаның бұл не еткенің?


Өз тілің - бақыт, айбының сенің, түсінсең,
Не болмақ ертең ұлтыңның құнын түсірсең?
Кешірмес мүлде жігері асқақ рухты елің,
Ұмытып тілді санаңнан егер өшірсең.


Гүлзия Тәжіханқызы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу