Өлеңдер ✍️

  26.07.2026
  28


Автор: Самрат Құскенов

2066. КҮЗДЕ ӨЛЕМ

 


Әдебиетті оқысаң, бір ақын қыста, екінші ақын көктемде, үшінші ақын туған жер топырағында жатқанды қалап, жазда фәнилікті тастап, бақилыққа аттанғанды тілейді. Ал, мен күзді жақсы көремін. Тал егілген мезгілде көміліп, жарымның қолынан атау керемді ішіп о дүниеге аттансам, арманым болмас еді.


Автор


Шын талантқа пәтер – түрме, түз – өлең,
Үйде жатсам, түн ұйқымды жүз бөлем.
Саяхаттап, дүние жүзін аралап,
Мен екі мың алпыс алты, күзде өлем.


Мен өлмеймін уақыт санап, қартайып,
Қауқар кетіп, білегімнен әл тайып.
Бар арманым – тура жолдан жаңылып
кетпесем ғой, аяғым бір сәл тайып.


Күн кешпей-ақ қойсам, мейлі, шалқайып,
Намысыма тағылмасын бар айып.
Жапырақтар дірілдейді, мен өлсем,
Сағыныштың белгісіндей сарғайып.


Жан азама жиналады қарғын ел,
Қойынына алып жатар балғын жер.
Ескі үйдей қаңырап бос қалғандай
Ақиқатты ұрғылайды салқын жел.


«Ақын болған найзағайдай жарқылдап,
Ғұмыр кешкен жоқ қарғадай қарқылдап.
Маңында қыз-келіншектер жүретін
«Қияли», – деп атап, күліп, балқылдап.


Отырса өз ортасында жарқырап,
Тұрған еді жыр дариясы сарқырап.
Өтті Самрат Құскенов», – деп артымда
Бір топ қалар әр ізімді талқылап.


Мінезімді ештеңеге сатпаймын,
Арым барда саспа, аштан қатпаймын.
Құдай берген болмысымнан айрылсам,
Қабірімде мүлде тыныш жатпаймын.


Шынайылық сақталады бойымда,
Ұлттың жүгі тұрғандықтан мойында.
Шындық өлмес тұншықтырып қойсаң да,
Маза бермей саңқылдап жұрт ойында.


Өлгеннен соң маңызды емес жасым да,
Туыс, дос та тұрмайды ғой қасымда.
Бір мінімді айтса, шіркін, молдаға,
«Жақсы адам ба?» – деп сұраса басымда.


Тәрк еткенмін пенделіктің арызын,
Алаңдатып азаматтық парызым.
Егде тартқан әйел бұлдап қыз күнін
«Көз жасымның өте, – десе, – қарызын».


Бұл жалғанда бермей қонақ-кәдемді,
Ренжіттім-ау талай аға, тәтемді.
Кейінгіге шегіне ме жан азам?
Біреу шықса кешірмейтін қатемді.


Ақын-жүрек атойлаған есіріп,
Ессіздіктен тағдырым да шешіліп.
Бақұлдасар, өлгеніме қуанып,
«Жақсы адам. Қарызсыз», – деп кешіріп.


Себебі, мен айтып жүрем сынымды,
Жасырмаймын көзбен көрген шынымды.
Асқақтығым ұнамайды көбіне,
Аласарта алмаған соң шыңымды.


Ел шындыққа тура қарай алмайды,
Шыншыл ұлға көз қырын да салмайды.
Құтылғысы кеп тұратын шын достан,
Қайран қазақ алыс жолға бармайды.


Қойған өрге домалатпай тасымды,
Жұрт жабылып өткізеді асымды.
Күздің жауын-шашынына қарамай,
Жарым, балам көтереді басымды.


Мені жоқтап, құйып тұрар ақ нөсер,
Қайыры жоқ бұл жалғаннан бақ көшер.
Өнер қумай, қызмет қусаң, көт жалап,
Білімсізден сәуле төкпей, ат өшер.


Күзде өлсем, себебі бар бұның да,
Айтылмаса шындығым да, мұңым да.
Табиғатым қалса болды, сақталып,
Бәрібір ғой болмасын еш құным да.


Ағаш күзде егіледі тал болып,
Көктем келсе, көлеңкесі хал болып.
Мен де өлсем, жырым қайта тірілтіп,
Ізденгенге тұрам мәңгі нәр болып.


Мұрағатта құжаттармен жатталып,
Шаң астында жасырылам бапталып.
Пайдаланған әдебиетке тізім боп,
Шыға келем деректермен хатталып.


Мен өлсем де, елге маза бермеймін,
Ізсіз қалар адамдарға ермеймін.
Жас ғалымдар сілтемесін жасаған
Дереккөзбен қолды көкке сермеймін.


Азалы ас, қырқым, жылым өткенмен,
Жақындарым жоқтап, жасын төккенмен.
Еске алу кеші өтіп тұрғанда,
Көрде жатпай, көтерілем көкке мен.


Ақын болдым жырын елге таратқан,
Айналасын ауызына қаратқан.
Ажалымнан кеш, не ерте өлтірме,
Сөз сап берген өзің едің, Жаратқан.


Қызылжарға шайқалған жас терекпін,
Алматыға баға жетпес дерекпін.
Мен екі мың алпыс алты, күзде өлем,
Болашаққа тек жырыммен керекпін.


Мен таңында туған едім жұманың,
Тіршіліктен сейілмеді күмәнім.
Күз. Екі мың алпыс алты. Қош бол деп,
Сол жұманың кешінде көз жұмамын.


Айтқан келер, сөздің болса киесі,
Мен емеспін тәтті өмір иесі.
Жүрегімде қалмай ащы естелік,
Жаным ұшып, тәнім кебін киеді. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу