22.07.2026
  15


ҰБТ: білім сынағы ма, әлде стресс көзі ме?


Бүгінде Қазақстандағы мектеп бітіруші оқушылар үшін ең маңызды кезеңдердің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ). Бұл емтихан түлектердің болашағына тікелей әсер етеді.Сондықтан оған деген жауапкершілік өте жоғары. Алайда, ҰБТ шынымен де білімді әділ бағалайтын жүйе ме, әлде жасөспірімдерге шамадан тыс қысым түсіретін фактор ма деген сұрақ қоғамда жиі талқыланып жүрген мәселелердің бірі.


 


Бір жағынан, ҰБТ – оқушылардың мектеп қабырғасында алған білім деңгейін бағалайтын тиімді құрал. Ол жоғары оқу орындарына түсу барысында әділ бәсекелестікке және әр түлекке өз еңбегінің нәтижесін көрсетуге мүмкіндік береді. Жинаған ұпайына сәйкес грантқа түсу мүмкіндігі оқушыларды жауапкершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелейді.


 


Дегенмен, екінші қырынан қарағанда, ҰБТ көптеген жасөспірімдер үшін үлкен психологиялық қысымға айналып отыр. Жоғары нәтижеге жету үшін үздіксіз дайындық, ата-ананың үміті мен қоғамның талабы оқушыларға ауыр жүк түсіреді. Мұндай қысым нәтижесінде оқушылар күйзеліске түсіп,өзіне деген сенімін жоғалтуы мүмкін.


 


Сонымен қатар, тестілеу форматы белгілі бір мәселелерді туындатады. Көп жағдайда оқушылар білімді терең түсінуге емес, дұрыс жауапты жаттап алуға бейімделеді. Бұл өз кезегінде білім сапасының төмендеуіне әкелуі ықтимал.


 


Қорытындылай келе, ҰБТ – бір жағынан білімді бағалаудың маңызды құралы болса, екінші жағынан оқушылар үшін елеулі стресс көзіне айналып отыр. Сондықтан білім беру жүйесінде тек нәтиже емес, оқушының психологиялық жағдайы да ескерілуі тиіс. Бұл бағытта тиімді шешімдер қабылдау – уақыт талабы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу