Өлеңдер ✍️

  22.07.2026
  25


Автор: Самрат Құскенов

ӘТЕШТІҢ БОҒЫ

 


Сұңқарға өкпелеп, әтешпен дос болсаң, жеп жүрген боғын бал деп жегізер.


Халық даналығы


Қоғам-ай, дейін десем, дегізбеген,
Жан болдым әділдіктен ем іздеген.
Бес теңге тапсам-дағы маңдай терім,
Арамның қолынан ас жегізбеген.


Кезім көп ұлы жолда қан жылаған,
Зейнолла ағам болды қамшылаған.
Байқатпай асқақтығын шын таланттың,
Көз байлап талантсыздар қаңсылаған.


Дүрмекке ессіздікпен салынғанмын,
Мақта деп хайуанға да жалынғанмын.
Мінезім тік болған соң жүзі қара
Арсыздың қулығынан шалынғанмын.


Қайсарлық қанымда бар болғанымен,
Тексіздер мықты боп тұр қорғанымен.
Өтірік күліп, жалған сөйлейтіндер
Көңілдің жүре алмаған толғанымен.


Шын айтқан ерден теріс айналады,
Сын ести алмаған ел жайнамады.
Ерлік деп жердегіні шұқығанын,
Білімге көптің қаны қайнамады.


Аңдымай, жақсысына өкпелеген,
Халқым-ай, іштегісін төкпелеген.
Ауладан ұзамаған ұлын құт деп,
Болмашы дүниемен көт елеген.


Сұңқардан өйтіп-бүйтіп құтылғандар,
Әтештің боғын бал деп ұтылғандар.
Сорпасы қосылмас үш қайнаса да
Жандарды артық көрер тұтылғандар.


Көңілім қалың елге толмап еді,
Аялай білген гүлім солмап еді.
Қатты айтқан сәттерім бар болса да,
Қате айтқан кез мүлде болмап еді. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу