Өлеңдер ✍️
Құлагер
(Жазушы, журналист Бақыт Мұстафинге)
Не сыр бар көңіліңде,
О, Қаламгер,
Болғанда еңсең биік, заманаң да өр.
Артыңда айыз қанар жолың жатыр,
Айтарлық ел сүйсініп, "Жараған!" дер.
Кескіндеп асқақ ойдан
Қыран мүсін,
Қайран-ай!
Қаламгер боп туармысың?!
Еңбегің - ел-жұртыңның игілігі,
Ендеше, елден болсын шын алғысың.
Артыңда көз тойынар
Шашу қалып,
Алпысың алып шықты асуға анық.
Қаламның қайраты ғой, қайран аға,
Қадамды ширататын басуға нық.
Кейбіреу тақса-дағы
Сонда да мін,
Ерекше екпінді ғой сол қадамың.
Мен бүгін шын ақындық пейілменен,
Ақиық шабытыңа таң қаламын.
Ұласқан күні-түнге,
Түні-таңға,
Білген жұрт сол ауырды ұмытар ма?
Бір асу бір асудан биік тұрса -
Жетелер қаламгерді үміті алға.
Бейнетті жан болар ма
бұл ғаламда,
Шындық деп жанын салған шырғалаңға.
Жүректе сыр қалмайтын жырлағанда
Қаншама тағдыр жатыр сыр-қаламда.
Айтпасаң жетім болып
Қалар шының
Өзге үшін күнін кешіп сонаршының.
Өмірдің өзі ғана ұғатындай
Қырық жыл серік болған қалам сырын.
Бөлініп талай жанға
Жан-шуағың,
Қырық жыл тұлпарыңды қамшыладың.
Жағам деп жақсылықтың шам-шырағын,
Ойламай күш-қуаттың таусыларын.
Қаншама қаламгердің
Арасында,
Тап өзің ірісің де, дарасың да.
Қаншама бәйге алып Алашыңда
Тап бүгін топты жарып барасың да.
Пендені мінезі жоқ
Шошындырған,
Бойыңда қылығы жоқ тосын қылған.
Топ жарып, көшті басып жүрсең-дағы
Танытпай мақтаншылық төсіңді ұрған.
"Озам!" деп шапса-дағы
Өлерменің,
Тәңірдің жұқтырмадың ол ермегін.
Таныған "Түсі игіден түңіле ме?" -
Ендеше, Бәке, саған келер ме мін?
Танумен ғибратты
Біз бүгінгі,
Ардақтап келеміз ғой ізгі үніңді.
Кетпейтін сыңарезу мінезіңмен
Тең тартып жүргеніңе тізгініңді.
Сол қалып, сол мінезің
Ұнап елге,
Қашан да абыройың тұрар өрде.
Бәйгенің басын бермес қасиетпен
Ұқсайсың құламайтын Құлагерге.
Асады абыройға
Бөленгендер,
Шаң қауып қалар ерні кебергендер.
Алдында ақиқаттың бас исе егер -
Қолыңа су құя алмас өлермендер.
Бойыңды биязылық
Сән қылғандай,
Биязы қалай жүрер бал-бұл жанбай?
Алпыста ақсақал боп тұрсаң-дағы,
Жүрегің - жылы шуақ балдырғандай.
Тұлғаңа жарасқан соң
Даналығың,
Біледі соны сайын дала бүгін.
Жүзіңе жарастырып заман үнін,
Жүректе - жылы мейір балалығың.
Адамды жұрт сүймеген
Таниды кім,
Ал сені өзі көрер әр үй бүгін.
Алпысқа ассаң-дағы қайран аға,
Мәңгілік жасай берсін Сәбилігің!
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
"Сарыала күзді сағыну" жазушы, журналист Бақыт Мұстафиннің 70 жылдығына арналған естеліктер және әр кезде жарық көрген публицистикалық мақалалар мен көркем туындылар жинағы. Құрастырған жазушының зайыбы Дәмелі Бүркенқызы Мұстафина. "Полиграфия" АҚ баспасы. Петропавл қаласы 2007 жыл. 374 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇