Өлеңдер ✍️

  21.06.2026
  113


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Өлең мен өлім

 


"...Толстой плакал, слушая Шопена, и боялся смерти только потому, что на том свете не будет музыки"
С. Рахманинов.


Ажал деген арсызды мұқатам деп,
Шабытымның шақпағын тұтатам кеп
Бұл дүниенің шайыры, төк жырыңды,
Өлеңіңді өлтірме, шырқат, өрлет.


Ақын жырын, ей, пенде, тыңда, тыңда,
Құлағың сал өлеңге қымбатыңда.
Тірі дүние тамұққа тіл қатуда,
О дүниеге асықпа шым батуға.


Батса-дағы айтайын шымбайға мен,
Қоштасармыз жырменен мұндайда әрең.
Онда өлеңді ешкімің қылмайды елең.
Қара жердің қойнына енген пенде
Құлақ салып, тамсанып тыңдай ма өлең?


Мен сондықтан жылаймын, егілемін,
Ақиқат қой ажалдан жеңілерім.
Өлеңімді өмірге қалдырамын,
Ала берсін содан соң кегін өлім.


Мен ажалға осылай қырсығамын,
Өмір ғана айырар жыршы мәнін,
Мен өлеңге ғашықпын, шын ғашықпын,
Өлең-өмір, өлеңім-күншуағым!


Көз салдырмай қызығы, желегіне,
Тартар түбі қара жер тереңіне.
Бұл дүниенің бақыты өлеңде ғой,
Өлеңі жоқ өмірдің керегі не?!


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ


"МИЗАМШУАҚ" ЖЫР КІТАБЫ 2001 ЖЫЛЫ ҚЫЗЫЛЖАР 69-БЕТ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу