Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.06.2026
71
Уақытпен сырласу
Ақ қар тағы да себелеп,
Айнала қалыпты шашыла.
Зымыран уақыт, не керек,
Ақ тал қосыпты шашыма.
Уақыт бейне ертегі,
Сәбилер көретін түс сынды.
Не болар адам ертеңі?
Айтсаңшы, күндер ұшқынды.
Сырға толы бұл менің,
Шағым ба, іңкәрім басылмай.
Армысың, ақ қарлы күндерім,
Абыз ақсақал шашындай.
Шақырып ертеңім, ілгерім,
Атқарар ісіме кім ие?
Беу, менің болашақ, күндерім,
Сендер-бір жұмбақ дүние.
Тағдыр жылатқан, күлдірген -
Кешейін өмір дүрмегін.
Болашақ - таңсық, кім білген,
Не сыйлар келер күндерім?
Зулайды жылдар - Құлагер,
Не ойлап олар, елемек?
Келер күндерге
Тұра бер,
Іңкәр ғып, ақ қар себелеп.
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
"ЖЕРҰЙЫҚ" ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ. 1993 ЖЫЛ. 62-БЕТ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇