Өлеңдер ✍️

  21.06.2026
  34


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Абыройы алаштың

 


Сафуан Шаймерденовке


Жырдан мен,
Мүсін қалап көрейінші
Мүсіндеуге лайық, аға, тұлғаң кең.
Қызылжардың Азаматы болдыңыз
Алматыда - астанада
Тұрғанмен.


Сізге мәңгі көрмесін деп
Таусылып,
Нар табиғат жасамапты таршылық.
Сіз емессіз өспей қалар тал-шыбық,
Сіз - ақ қайың көкке қалған шаншылып.


Асқар тұлғаң аңқылдаған
Ақ перен,
Жанарыңнан жылылық пен от көрем.
Тілі жетіп жан баласы сөкпеген,
Жүрегінде тулайтындай отты өлең.


Қаламыңнан тамған жырдың
Маржаны,
Жазғаныңның жоқ ау, аға, арзаны,
Тап өзінің бауырындай көреді
Қызылжардың әр адамы, әр жаны.


Жаның жылу - иектемес
Сені ызғар,
Біз құмармыз әр сөзіңе, лебізге әр.
Туған жер ме - бүкіл Алаш бауырға ап
Жатса Сізді таласатын неміз бар?!


Жырдың құсын самғатып-ақ
Жібердім,
Сізге інілік ілтипатты тілермін.
Оты сөніп қалғанында жігердің,
Абыройы болған ағам, бір елдің.


Соны мақтан, соны мерей
Қылғамыз,
Сізге сын ғой, сұлу өлең, жыр нағыз.
Исі Алаш баласына баласа.
Лайық, аға, оған Сіздің тұлғаңыз.


Әз ұлына айшуақты,
Арайлы,
Исі Алаш, аға, өзіңді балайды.
Мен естимін соның үшін Алматы
Қызылжарға қызғанышпен қарайды.


Жақсыға - дос,
Жамандыққа - ызғарсың,
Азаматтан нақ өзіңдей із қалсын.
Әмсе Алаш еске әман бізді алсын,
Әмсе Алаш әман Сізді қызғансын.


Айыз қанып,
Кеңіп сонда арқамыз,
Мақтанышқа толып кетер ортамыз.
Біз қиналсақ Сізге үміт артамыз,
Алашымның абыройы, мәрт абыз!


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ


"ЖЕРҰЙЫҚ" ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ. 1993 ЖЫЛ. 113-БЕТ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу