Өлеңдер ✍️

  17.06.2026
  55


Автор: Оралбек Бек

Қарт қазақтардың жасампаз жарғысы

 


Қарсы жүзген уақыттың ақ таңына,
Жар толқынмен жарысқан кемедей ем,
Қызылтұмсық бір күннің батқанына,
Шүкір айтып, несіне сене берем,


Бұлқыныстар түлеткен сайын далам -
Керегемді кеңейтіп бақ болайын.
Байрағымдай аспанда, дамылдаған,
Тербелейін - балаша шаттанайын.


Қарт қазақтар - қуансын арғы тегім,
“Ханзадалап!” - ұрандап жауға шапқан.
Мен солардың жасампаз жарғысы едім,
Тамырына тамырын жалғап жатқан.


Алысқа ұзап кеткем жоқ ұшып-қонып,
Жан-жағымнан жатса да өлім аңдып.
Иттік көрсек, алқымға құсық толып,
Қасқайғанды қасқайып көріп алдық!

Көк бүркіттей қалықтап тау басынан,
Қылыш-тырнақ бауырда бүктетіліп.
Есті жандар қашанда алға асығар,
Қабырғасы кетсе де төртке сынып.


Мінезім бар бабамнан - сабақ болар,
Қабан түкті мұртымды тарақтайтын.
Күннен күнге бел асып абаттанар,
Елдігімді ит-құсқа талатпайтын.


Бұлтты ысырар айбат, сұс, іріге тән,
Бойда болса бұл сапа мақтана бер.
Көзі бардың өзі де тіріге тән,
Көн кітабын өткеннің ақтара бер!


Оралбек Бек



 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу