Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
17.06.2026
56
Сағындым сені...
"Сағындым" дедім шын сөзімді айтып,
Елестеп бейнең, жұбаныш болған.
Сүртейін көңіл көзімді қайтіп,
Бір тамшы жасқа шыланып қалған.
Сан тарау соқпақ, бақытсыз, бақсыз,
Күндер де көп қой, шіркін, жалғанда.
Сағыну деген жауап-сұрақсыз,
Қол жетпес мәңгі тылсымды арман ба?
Тағдырдың құнын бағалай білмес,
Кеудесін бір сәт өрт шалмағандар.
Құлама жарды жағалай жүрмес,
Алақанымен от қармағандар.
Сезім дегенің махаббат емес,
Біреулер айта беретіндей бір.
Бәрінен қиын жарақат - елес!
Соңыңнан қалмай еретін небір...
Аспандап кетті сағыныш шеті...
Жабырқау жанды жүн етіп тіпті!
Бір тамшы жастың сабылыс дерті,
Жүректі мүлдем жүдетіп бітті.
Барады, міне, тағы құс қайтып,
Гәккуі артық дарынды адамнан.
Қалай десең де, сағынышты айтып,
Сақтасын құдай сағынбағаннан!
Оралбек Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇