Әңгімелер ✍️
МОЛАҒА СҮҢГУ
6. Еркектердің өмірі рахат дейді... Ендеше тыңдаңыз!
МОЛАҒА СҮҢГУ
Газ 51 көлігімен малшыларға жем апару үшін жолға шықтым. Қызылсеңгірге жетпей сібірлеп жаңбыр басталды. Бұл қауыпті аймақ. Қауыпті болғанда жолдағы зират қасынан өтетін жол қиғаштау, көлік тайғанап кетуі мүмкін. Төменгі жағы қалың зират. Зират болғанда ірі зират. Бұл жерде ертеректе қазақ пен жоңғар соғысқан. Сол соғыстан соң бұл үлкен төбе Қызылсеңгір атанған. Өйткені, төбе топырағы күні бүгінге дейін қып-қызыл болып жатады, топырағына адам қаны сіңіп кеткен. Ашып көрмесек те білеміз, мұндағы әр төбешіктің астында 20-30 кісінің сүйегі жатыр. Зират жаққа мойын бұрмай, тіке өтіп кеттім. Қайтар жолда тайғанақ болмаса болар еді деп іштей ойланып қойдым. Қойшы ауылға жеткен кезде жаңбыр қалыңдады, қараңғы түскен. Мен жемді қораға түсірдім де тез қайтуға тырыстым. Қайтар жол қиын болатынын сездім. Сонда да болса тәуекел. Мен өзім тумысымнан сондаймын, алған беттен қайту дегенді білмеймін. Зират тұсына екпіндеп-ақ келдім, әлгі қиғаш жерден тез өтіп кету үшін газды басайын... Бірақ, ойымдағы мақсат орындалмады. Көлігім тайғанақтап айналып-айналып келді де қаңғалақтаған допша секіріп зираттың біріне тұмсығымен сүңгіп қадалды да қалды. Зират терең болса керек. Жаңбыр селге айналды. Молаға қатты екпінмен кіріп кетіп кептеліп қалған көліктің, қысылып қалған есігін ашу қайда... Алдыңғы айна ол да кептеліп қалған, ұрып сындырайын деген әрекетімнен түк шықпады. Қолымда сайман жоқ. Қоймалжың қара лай жаңбыр суымен араласып қабинаға құйылып жатыр. Арпалысқаным сонша, өзімнің қайда екенім де есімнен шыққан ғой. Қанша уақыт өткенін де ұмыттым. Әлден соң аккумулятордың күші бітті білем, кабинадағы сығырайып тұрған жарық та сөнді. Кабина іші тас қараңғы болды. Ашық қалған екі терезеден де сыртқа шығып кетуге мүмкіндік жоқ. Үстіңгі жақта қолға ілінер ештеңе болмаған соң, қанша тырысқаныммен кабинадан шығып кете алмадым, әбден сілем қатты, жаңбыр тоқтайтын емес. Кәдімгі терең көрге түсіп кеткен екенмін. Қолыма ілінген қысқа-қысқа келтек таяқшалар жәрдемші болып жарытпады. Шын мәнінде бұлар ешқандай таяқша емес, адамның сүйектері еді. Қорыққанды да ұмыттым. Зират жағалайтын әруақ дегенді есіткеніміз болмаса, көзбен көрмегенбіз ғой. Тым болмаса солар келіп жәрдем бермес пе екен деп жаратқанға жалбарындым. Жоқ, ештеңе жоқ! Әйтеуір, жандалбасалап жоғары қарай лықси бердім. Әлден уақытта саусақтарым молаға мұрнымен қадалып артқы аяғы аспаннан келіп тұрған көлігімнің кузовына ілінсе керек, шегедей жабыстым да, басымды батпақтан шығарып ары қарай тартылып кеттім. Одан басқасы есімде жоқ. Естен танып кетсем керек.
Алыстан адам дауысы шыққандай...Түкке түсінбей біраз жаттым. Жаздың қысқа таңы атып қалған сияқты. Жарық түскен білем. Көзімді ашайын десем ашылмайды, жаңбыр қойып, басымды қоршай бетіме, бүкіл денеме баттасқан батпақ қатып қалған ғой. Қолымды қимылдатсам, бір қолым орнында жоқ, қимылдамайды. Бір қолыммен тырмалап, қатып қалған батпақты түрткілеп жүріп көзімді ашқандай болдым. Сөйтсем, менің біраз жаттым дегенім бекер екен, мен тіпті жатпаған екенмін, сол саусақтарым кузов тақтайшасына ілінген күйі бүкіл денеммен созылып барып серейіп қатып қалған екенмін. Сол күйімше ұйықтап кетіппін. Әлгі дауыс таң атқан соң молаға тоңқойып қадалып қалған машинаны байқап, мені құтқаруға келген кешегі малшылар екен.
Міне, еркектердің рахат өмірі! Өзім ол кезде небәрі онжеті жаста едім.
Бұл менің басымнан өткен оқиғалардың біреуі ғана.
ОРАЛБЕК БЕК
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇