Әңгімелер ✍️
АЮМЕН АРПАЛЫС
2. Еркектердің өмірі рахат дейсіз...
Ендеше көріңдер!
АЮМЕН АРПАЛЫС
/болған оқиға/
Алақат болса да қалың қардың арасынан құрғақтау ойықты тауып дем алуға кірістім. Жарты ай қиғаштап жерге тұмсық тіреген. Ат пен есек байлаулы. Бір уақытта есек тыпырлап, ат пысқырды. Бұларға не болды деп басымды көтерейін. Аулағырақтан қалың қар бұрқырап, арасынан қорбаңдаған бір дене көрінеді. Ырсылдағанынан аю екенін бірден ажыраттым. Атқа, есекке немесе маған шабуылдап келе жатқан секілді. Қараңғылау түн ғой, не істерімді білмей, сасқалақтап қалдым. Аю жақындай түсті. Бір уақытта тағы бір алып дене екпіндеп келе жатқан аюмен айқаса кетті. Бұл жабайы адам еді. Аспан мен жердің арасы қартүтек. Тау аюлары өте ірі болады. Жабайы адам да оңай емес. Екеуі бірін бірі лақтырып, біз жайғасқан ойыққа да келіп қалды. Жабайы адамның мені қорғап жүргені жүрегімді тебірентті. Не болса да тәуекел деп, қолымдағы қанжарыммен ұрысқа мен де араласып кеттім. Қанжарымды бойлата сілтеп аюдың қарнын осып жібердім, ішек-қырыны ақтарылды да қалды. Аю өкіріп барып шалқасынан түсті. Жабайы адам ырсылдап аюдың денесінің астында қалып кеткен екен. Әбден шаршаған. Мен оның босануына шамам келгенще жәрдем бердім. Таң да атты. Жабайы адам ентігін баса алмай былайырақ отырды. Маған қарап қояды. Жүруге де шамасы келмей қалған шығар. Кім біледі. Мен оны аядым. Дереу аюдың жүрегін кесіп алдым да қолына ұстаттым. Ол жүректі лақтырып жіберді. Түрі біртүрлі еді...
Тапырақтап ноқта мен жүгендеріне оралып қалған ат пен есекті реттейін деп солай қарай бұрылдым, екеуі дір-дір етеді. Қанша дегенмен адам көрген жануарлар ғой, менің етек-жеңімді иіскелеп өліп барады. Мен оларды жетегіме алып, артыма қарасам, жабайы адамым кетіп қалыпты, дөңкиіп аю жатыр. Мен де жөніме кеттім. Баратын жол әлі алыс еді. Менің білуімше, алдымызда әлі қалың орман бар, одан шыққан соң ғана құмды өлкеге жетуім керек. Орманды жердің маймылдары, жылан, кесірткелері туралы маған артта қалған ауыл адамдары айтқан, қауіпсіз жер емес. Бір қызығы алып таудың бұл жағында құзар шыңның басында, қай заманда, кімдер салғаны белгісіз, биік-биік үйлер, ғимараттар бар. Олар қазір маймылдардың мекені, адам жоқ!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇