Әңгімелер ✍️
Тойдағы топалаң және моладағы қарқыл
Не көп? Қазақта той көп! Дарақылық көп! Қазақ тойдан шаршамайды. Қазақ тойды шаршатады! Жуырда сондай тойлардың бірі көрші ауылда өтті. Шақырылған тойға бармаса тағы болмайды. Қақаған қыс, қарлы боран, тістенген аяз.
Той дастарханы керемет, құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Сыңғырлаған рюмкалар, сыңсыған түрлі шөлмектер қатар түзіпті. Десе де, жетпейтін нәрсе бар болып шықты... Ол өсек-аяң, жанжал, төбелессіз той бола ма? Оның да ауылы алыс емес еді.
Шатақ басталысымен-ақ, мен тойдан шығып кеттім.
Мұндай ауа райында әрі түнде көлік табудың өзі қиын. Күре жолмен ауылға жаяу тарттым. Қарсы алдымнан соққан қарлы боран мені көп ұзатпай-ақ, жол шетіндегі зиратқа жетелеген. Мен келіп жолға жақынырақ мола басына салынған кішігірім кесене сияқты баспананы паналадым. Мұнда даладағы боранмен салыстырғанда едәуір дұрыс көрінді. Зираттың есігі жоқ. Ортасында үйілген топырақ, ай жарық болғанымен іші қараңғы. Күре жол көрініп тұр. Мен мұндай моладан қорықпаймын. Ыңғайлылау бұрышын таптым да, отыра қалдым. Күре жолда көліктің хабары әзірше сезілмейді. Ысқырған, қар аралас желден басқа түк жоқ. Қатты тоңдым. Айналамды қолмен сыйпаласам іргеден бірдеме былқ-былқ ете қалды. Саусақтарым да таяқ болып қалған ғой. Бұл не екен деп әлгі былқылдағанды өзіме тарттым. Сөйсем, әлдекімнен қалып кеткен ескі күпәйке екен, топырақ иісі мүңкиді. Не болса о болсын деп шаңын бұрқыратып үстіме жамылып алдым. Көрден шыққан мүрде мендей-ақ болар, мейлі. Тойдағы шөлмектер көзіме елестеп қанша отырғаным белгісіз, қалғып кетсем керек. Бір кезде ғарт-ғұрт еткен дыбыстан оянып кеттім. Есімді тез жидым. Мен ойланып та үлгермедім, зираттың ішіне қап-қара көлеңке секілді еңгезердей біреу кіріп келді. Менің көзім қараңғыға үйреніп қалған, сырттан кіргенді жақсы көріп тұрмын. Ол да күре жолға біраз қарап тұрды да, қалтасына қолын салды, темекі алып шықты. Екінші қалтасынан күкірт алды, темекісін тұтатпақ болып біраз әуреленді, ақыры шырпысы от алды. Уһ, деді. Ауызынан будақ-будақ түтін шықты. Мен оны бірден таныдым. Көрші ауылда "афганец" деген біреу болушы еді - бұл сол! Ауған соғысында барлаушы болған дейтін білетіндер. Бұл неден қорықсын. Мені көрді деп ойламадым. Көрмегені жақсы деп тек көзім жылтырап отыра бердім. Бір кезде: "әй, темекі шегесің бе, қайдан келе жатсың" деп гүр ете қалды әлгі дәу. Мен селт ете қалдым, төбеден бақайшағыма дейін ток жүріп өткендей болды. "Өзің батыр екенсің, менің артқы қалтамда арақ бар, кел, соны ал, қолым икемге келмей қалыпты тоңып" деді маған. Мен үстімнен топырақ сүметіліп орнымнан тұрдым, шынында үстіндегі пальто сақырлап қатып қалған екен. "Шөлмекті аш" деді, аштым. Дәу бір-екі рет гүрт-гүрт жұтты да маған берді. Қалғанын құмыра-өңешіме мен де ақтара салдым. "Қайдан келесің өзің" деді тағы да.
- тойдан, дедім.
- қандай тойдан?
- бұл ауылда бір-ақ тойхана бар емес пе? Сол тойдан.
- мен де сол тойдан шықтым, - деді, сосын дәу маған, - екінші қалтамдағыны да ал, соғыссыз шәйіт болып кетерміз!
Сөйткенше болған жоқ, күре жолдан қуғын көргендей жүйткіген бір көлік зираттың қарсы алдына тоқтай қалсын. Біз де елең ете қалдық. Жүгүлидің есігін қарт еткізіп ашқан біреу зираттың қарсы алдына жақындап келіп жүгініп отыра қалды да құранды заулатсын. Боран ұлып тұр. Зираттың тар есігінде сығылысып біз тұрмыз. Құран соңында қазақшалап біреулерден кешірім сұрады, біреулерді боқтады, сосын бет сипады. Ол орнынан тұра бергенде менің қасымдағы дәу: "әй, бізді ала кетші..." деп гүр ете қалсын. Әлгі байғұс, бір бақырды да, қос қолын жоғары көтерген күйі қатты да қалды. Оның бір бүйірінен келіп қалған ит-құс па, түлкі ме, бір жануар, ол да қатып қалыпты. Бұл бір өте қызықты көрініс еді, менің қасымдағы дәу қарқылдап келіп күлсін... аспан дүркіреп, зираттың сылақтары шашылып кетті. Мен жүгіріп барып әлгі құран оқығышты сүйемелдейін деп едім, сол серейген күйі жалпақ тақтайдай шалқасынан түсті. Есінен танып қалыпты. Оны сүйреп көлігіне әкелдік, келсек көлікте екі әйел адам бар екен, екеуі де бүк түсіпті. Жүректері ұшып кетуге сәл қалыпты, көздері алақ-жұлақ... ауыздарына арақ құйып, бет
терін қармен ысқылап жүріп үшеуін әрең тірілтіп алдық. Бұлар да сол тойдан шыққандар екен. Негізі той шатағы осылардан басталған сияқты. Оқиғаның дәл осы зиратқа қатысы да бар болып шықты. Бұл зират осы ауылды көп жырлаған белгілі бір ақынның зираты екен. Ақынның әйелі де сол тойда болған ғой. Қазіргі біз есін жиғызған әйел тойда ауылдан шыққан атақты ақынымыз деп, осы моладағы марқұмның ауылды аңсаған өлеңін оқыған. Ал, келесі столдағы ақынның әйелі болса, сенің көңілдесің болған ба еді, менің некелі күйеуім деп бұған бір тәрелкені сілтеп кеп жібереді ғой... абырой болғанда тәрелке столды жапырып, бұған жетпей шашылады. Төбелес ұзақ болады. Кейін татуласады. Содан кейін мына құран оқығыш әйелін тойдан алып қашады, ақынның әйелін де, ақынның әруағын да түгін қалдырмай боқтаған. Содан ақынның зиратына келіп, кешірім сұраған беті екен бұл... Әйтеуір, бәрі сәтімен бітті. Қазақта осындай да тойлар болады!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇