15.06.2026
  28


Автор: Оралбек Бек

ӘЗІРЕТ СҰЛТАН МЕШІТІНЕ ТҮНЕУ және СУЖҮРЕК МОЛДА

 


/болған оқиға/


Оқиға мені іздейді ме, мен оқиғаны іздеймін бе, білмеймін, ылғи бір күтпеген кездейсоқтыққа ұрынамын да жүремін. Бір жағы қызық, бір жағынан қарасаң түкке де керегі жоқ нәрсе шығар, кім біліпті!..
Көптен бері Әзірет Сұлтанға түнеу керек деген ойды басыма шегелеп алғанмын. Мені енді ол ойымнан қайтпаймын, мені ешкім қайтара да алмайды. Осындай қатып қалған мінезім бар. Оның үстіне түн кезетін әруақ, жын-пері дегендерден қорықпаймын. Оларды көре-көре үйренісіп те қалғанмын ғой. Әруақ деген ешқашанда адамға зиян жасамайды. Оны да білемін. Әруақта қол жоқ, аяқ жоқ, тіл де жоқ. Яғни, әруақ ешкімді сөкпейді, ұрмайды да, теппейді... Одан қалса әруақ деген сенің ата-бабаң - тілеушің, жебеушің!
Менің бұл ойға келуіме көрген түсім себепші болған еді. Жарқыраған айна көл екен, айдынында құлаш ұрып жүзіп келемін. Бір кезде аяғымнан қаусыра құшақтаған дүлей күш су астына тартты да кетті. Оған қарсы күш менде жоқ еді. Тұншығып қалатын болдым-ау дегенімше болған жоқ, тұңғиық түбіне шөкелеп қалыппын. Жан-жағыма қарасам неше түрлі алтын балық жүзіп жүр екен. Біреулері маған қарап ернін шүйірді... Оған менің күлкім келді. Тұншығу жайына қалды. Бұл тірлікте ауасыз да өмір сүруге болады екен ғой деп таң қалып отырғанмын. Кенет қарсы алдыма жайғасқан бір бейнені көзім шалды. Қолында асатаяғы бар ақсақал екен. Асатаяғымен су астындағы құмдақты түйіп қалып еді, құм бұрқ етті де, Әзірет Сұлтан кесенесі бой көтерді. Анықтап көрейін деп ұмтыла беріп едім, от жарқ ете қалды да кесене жоқ болып кетті. Қарғып тұрсам таң атып қалған екен. Түс көрген екенмін ғой дедім де қойдым. Бірақ, сол түс ойымнан кетпеді.
Сонымен, Әзірет Сұлтанға түнейін деген шешімге келдім. Кесенеге келген бетімде молдаға кезіктім. Молда құран оқыды, бет сыйпадық. Қалтасына молырақ қаржы салып едім, молда қуанып қутыңдап қалды. Мен ол кісіге ойымды айттым. Ол кісі құптай кетті.
- Қажет болса, мен бірге болайын, түс бекерден бекер кірмейді адамға, түс иесіне ғана кіреді, мүмкін бұл әулие сенің атаң... қайдан білесің, аумалы-төкпелі заман ғой, - деді, - атағаның бар шығар.
- Ия, ия, дедім.
Кеш жақындады, байқаймын, бірге боламын деген молдамның әңгімесі саябырлай бастаған сыңайлы. Кесене күзетшісі келді, тағы да құран оқыдық, ол кісіге де бұйырғанын ұстаттым, ойымызды айттым. Молдекең бірге болса бопты да, бұл кісіге бұл жердің бәрі таныс, мен сыртынан құлыптап кетейін, таңертең ертерек келермін деді.
Біз кесененің ішінде қалдық. Түн болды. Ай жарық еді. Мұндай жерге келгендер, ұйықтау үшін келмейді ғой, біз де солай жасадық. Молдекеңде әңгіме көп еді, бірақ, айта алмады. Кесененің ішінде шыққан жай сөзіңнің өзі түнде жаңғырып дыбыс күшейткіштен де зор болады екен. Құлаққа сыбырлап қана сөйлесетін болдық. Біраз уақыт өткен. Қазандықтың жанында тұр едік, көрші бөлмеден бірдеме шұрылдады... тағы да шұрқ-шұрқ ете қалды. Мен не болғанын білейін деп, солай қарай бұрылып едім, молдекең жеңімнен тартып қалды да, түртиген ерінін құлағыма тақады:
- Ол жақта құдық бар, - деді, сосын, - әруақтар түнде су ішеді...
Молданың түртиген еріні ұзарып мұздай болып қалған екен. Қорқып тұр-ау деп ойладым. Ол құдықты мен де білемін. Баяғыда Қонаев атамыз сол құдыққа қойнынан алып екі алтын тиынды тастап жібергенде мен қасында тұрған едім. Ал, әруақ су ішетінін білмейді екенмін. Жарайды.
Бір жерде тұра береміз бе деп басқа бөлмеге ыңғайланып едім, молдекең тағы да, менің құлағыма:
- Ол жақта қазандық бар, әруақтар тамақтанады, - деді. Молданың еріндері көгеріп көсеудей болып қалыпты, дір-дір етеді...
- Сонда бұл әруақтар күндіз дем алып, түнде тек тамақтанатын болды ғой, бізді қабылдамай ма?
Менің бұл сұрағым молданы әбіржітіп жіберді-ау деймін, көздері жыпылықтап кетті. Сол кезде қазандық бөлмеден қар-р-р еткен еткен дыбыс шықты да, ізінше төбемізден бірдеме сымп-сымп ете қалды. Көздері кенет ақбезденіп шалқалап құлап бара жатқан молдекеңді мен ұстап қалдым. Ұшып жүрген қарға ғой дедім сосын қаңылтыр болып қалған құлағына сыбырлап. Жоқ, ойбай, әруақтар ғой, әруақтар дейді мол


да да қайтпай. Түнде қарға болып жемтік іздейді олар, қазанға салатын азық керек қой... Менің күлкім келді. Сонда пісіріп жей ме деп сұрайын деп тұрдым да үндемей қоя салдым, ұстамасы болса ұстап қалмасын деп молдекеңді аядым.
Түн жарымы болып та қалған. Басқа бөлмелерді аралап көрейік деп едім. Оған молдекең көнбеді. Әруақтар барлық бөлмеде өз істерімен айналысып жатыр, кедергі жасамайық деді. Құп! Дуалға арқамызды тіреп отырғанбыз.
Бір кезде молдекең: ар жағыңа қарашы, деді, өзі екі көзін тас жұмып алыпты... қарашы!..


Мен де пендемін ғой, өзі қалш-қалш етіп жатқан молданың сөзінен соң артыма жалт қарадым. Жүрегім тас төбеме шықты деу аз бұл жерде. Менен басқа біреу болса әлдеқашан тіл тартпай кететін еді. Неге десеңіз кесененің қарсы қабырғасынан бізге қарай анталап, табандары түйдек-түйдек құм лақтырған бір керуен түйе ойқастап келеді екен... Жапырып өтетін сияқты. Не істеймін деп ойланғанша болған жоқ түйелер жанымыздан сырғып өтті де кетті. Мен бірден білдім, бұл кесене ішінің жалтыр қабырғасына түскен сыртқы сурет еді. Біз іштеміз, сырттағы көшелерде жарығын жағып көліктер жүріп жатқан жоқ па! Түркістанда түйелердің ескерткіші көп. Солар жарыққа шағылысып кесененің жоғарғы тесігінен ішке құйылған. Мұндай сурет шаппағанда нетсін. Осыдан да қорқамыз ба, енді. Мен молдаға тұрайық дедім, ол кісіге айтқаныммен бәрібір түсінбейді. Буралар кетті ме дейді маған. Ия кетті, дедім мен молдаға. Бұл буралар осындағы әруақтардың ең үлкені деді сосын молда маған. Өздері керуен-керуен. Бұрқырағанда мына кесенені төңкере жаздайды. Тазалығы жоқ пенделерді төсімен таптап, арандай ауыздарымен жұтып кетеді олар...
Мен, бопты дедім.


Дәл осы кезде қасақана кесене ішінде әр жерде сығырайып тұрған жарық сөніп қалсын. Түнектің көкесі енді болды. Далаға шығып кетейік деп сыбырлады молда. Қабырғаны қолмен сыйпалап жүріп сыртқы есікті де таптық. Бірақ оны ашу қайда! Мықтап құлыптап кеткен екен. Есікті ары-бері ырғасақ кесененің іші аламан-тасыр болатын түрі бар. Ендеше екінші қабатқа көтерілейік деді молда. Мен өзім осы уақытқа дейін бұл кесенеде екінші қабат бар, оған шығатын баспалдақ бар екендігін білмеппін. Қабырға жағалап жүріп оған да жеттік. Молда біледі екен. Мен алдында жүрейін деп жол бастады. Баспалдақпен жоғары көтерілдік. Ептеп саңылау көрінді. Төменгі жақтан жоғарыға қарай жел гулеп кетті. Екінші қабат емес, кесененің төбесіне шығатын шығармыз деп ойлап келе жатырмын, ай жарығы да молая бастаған. Бір кезде алдымда кетіп бара жатқан молда "ас-ста-пыр..." деп қатты бір дауыс шығарды екі қолын екі жаққа жайып төменде келе жатқан менің басыма гүрс құлады. Баспалдақ тар болғандықтан ғана мен оны ұстап қалдым. Дереу төбеге көз жүгіртсем, бізден сәл жоғарырақта қап-қара үлкен бір құбыжық, үш-төрт көзі жарқырап жанып-сөніп екі қолы ебедейсіз арбаңдап бізге ентелеп келеді екен. Мен басыма құлаған молданы ұстап тұрмын. Адам деген де мұндай ауыр бола ма? Жүрегі жарылып өліп қалған шығар деп ойладым. Сонда да назарым төбедегі құбыжықта. Байқасам құбыжық бізге ұмтылатын түрі жоқ, бір орында тұрған секілді. Тағы да қарадым, әлі орнында... тағы қарадым... Сөйтсем, бұл баспалдақтың шыға берісіндегі бір тіреуіш ағашқа біреу күпәйке іліп кетіпті. Сол екен желмен ары-бері желкілдеп тұрған. Күпәйкенің түймелері жылтырап көз болған... Менің жүрегім орнына түскен сыңайлы. Молданы төбеме көтеріп жүріп кесененің төбесіне шықтым. Молданы жаныма қисайта салдым. Сөйтсем, бұл сужүрек молдам әлі шәйіт болмаған екен, ықылық атып ол да тұрды.
Жан-жағымыздағы, төмендегі самсаған қала жарығын, түнгі айдың самала жарығын көріп молдекең қайтадан бүк түсті. Қорыққанға қос көрінеді деген. Таң да саң бере бастады.
Біраздан соң барып молдекең: "Тіріміз бе" деді.
Мен молдаға қарап күлдім.
Аспанға қарап қол жайған молдекең де күлді.
Атағанымды берейін бе?


ОРАЛБЕК БЕК 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу