15.06.2026
  32


Автор: Оралбек Бек

ҚЫЗЫЛ ТУФЛИ

 


/болған оқиға/


Қалада жүрген едім. Үйдегі жалғыз қарасан ақырға құлап үйелеп қалыпты деген хабар келсін. Содан, асығыс кері қайттым. Жолда өзге ұлттың екі масаң жігіті бір қаракөз бойжеткенге қыр көрсетіп тұр екен. Бойжеткен саусақтарын бүгіп маған белгі берді. Менде де мінез бар, қастарынан өте бере бойжеткенді қолынан жұлқа тартып, өзіммен ертіп кеттім. Сөз айтып үлгермеген екі мастың біреуі менің соңымнан ілесті, екіншісі қалып қойды. Ілескен мас асықпады. Өзге ұлттың еркін өкілі сияқты. Тиісетін оңаша жер қарап келе жатқан шығар деп ойладым. Алдымызда кішкене өзен бар еді, сол жерде қуып жетті. Бұрылыста маған бірдеме деді. Менің жетегімде бойжеткен қыз. Мастың не дегеніне көңіл де аудармадым. Қолында жылтыраған бір зат бар. Көп болса қару шығар. Маған қабаттаса берген кезде артыма кілт бұрылдым да тізесінен теуіп жібердім. Мас ұшып түсті. Ұшып түскенде де, төмендегі өзендегі қарай домалап жайсыз кетті. Ол жерде балық аулап отырған бір-екі кісі бар екен, олар тұра қашты. Мен қыздың қолын жібере салып, әлгі суға құлаған масқа қарай жүгірдім. Өзі өзен дегеннен мақұрым адам болса керек, таяз суға батып бара жатыр екен. Суды белден кешіп жүріп жағаға алып шықтым. Мас қимылсыз қалыпты. Қолындағы кеңсе пышағы жұмылған алақанында тұр. Ары-бері көкірегін қолмен басқаныммен тынысы оянатын емес. Жедел жәрдем шақырсам деп тұрғанмын. Күн кешкіріп қалған. Бұның аяғы жаман болмаса болды ғой деп ойланып отырдым. Қашып кетсем бе деп те қоямын. Бірақ, оған енді кешіккенімді білдім. Мені адамдар көріп қойды. Көп өткен жоқ жедел жәрдем өзі келіп қалды, келген бір-ақ адам екен. Неге бір адам, мен оған түсінбедім. Жатқан адамды ары-бері аударыстырып көрді. Байқасам, бұл дәрігер де ішіп алған сияқты.
- Мынау не, - деді, сосын маған, жұқа қорапшаға салынған бір затты көрсетіп.
Білмеймін дедім.
Сонан соң дәрігер қолындағы қорапшаны ашты, алақандай жұқа клеенкаға оралған қап-қара сағыз секілді зат екен.
- Сіз бұны неге алып жүрсіз дейді ғой енді.
- Мен қайдан білейін оның не екенін дедім, менікі емес.
- Сатасыз ба? Бұл, апиын, есірткі! Маған тегін беріп тұрсыз ба? Қалтаңызға қайтып салып қойыңыз. Қажет емес.
Мен дәрігердің сөзіне таң қалған жоқпын. Елемеуімнің себебі де сол. Өйткені, мен апиын, есірткі дегенді өмірімде көрген адам емеспін. Сіз одан да мына суға кеткен адамды әкетпейсіз бе, не үшін келдіңіз мұнда дедім.
- Жоқ, - деді әлгі дәрігер, - қазір полиция келеді, мен оған айтып қойғанмын, сол жәрдемдеседі... Есірткіңізді алыңыз!
Мәселенің ушығып бара жатқанын сездім. Сіз не деп тұрсыз, апиыныңыз не деп айқайға басайын. Дәрігер де шатақ кісі екен, есірткіні менің қалтама тықпалап әлек. Не керек, менің қолыма бір кезде әлгі суға кеткен адамның қолындағы кеңсе пышағы ілініп қалған екен, сілтеп қалдым ба, әлде, өзі тиіп кетті ме, өткір нәрсе ғой, ол жағы да есімде жоқ, дәрігердің қолынан ба, денесінен бе, қан сау қалды... Енді ештеңеге қарайлауға мұршам қалмады, тұра қаштым. Артыма бір бұрылсам, өзім араша түсетін бойжеткен де соңымнан зытып келеді екен. Аяғында биік өкше қызыл туфлиі бар. Сол жүгіріспен үйге де жеттім. Түн болып кеткен ғой. Қора жаққа көзім түсіп кетті, қарасам қарасан келгір жалғыз сиырымның көздері атыздай болып өліп қалыпты... Жақсылықтың хабаршысы емес, әрине. Соңымнан жеткен бойжеткен де ентігіп тұр... Шындығы керек, үйге мына түріммен кіруге батылым бармады, әйелім, бала-шағам бар, қайтадан қараңғыға сүңгідім, бойжеткен соңымда. Бір жерге тоқтап, мен ол бойжеткеннен, сен қайда барасың деп сұрадым. Менің баратын жерім жоқ, бұл жақтың қызы емес едім дейді. Менің жағдайымды көрдің, енді қал дегеніме көнбеді. Сонымен не керек, маған уақытша болса да бой жасыру керек болды.
Ауылдан жырағырақ, тау арасында мал бағып отыратын бір ұлты шешен жалғызбасты үлкен кісі болушы еді. Сол есіме түсті. Ары-бері өткенде ол кісінің жем-шөп жұмыстарын бітіріп беруші едім, жақсы, көпті көргендігі білініп тұратын. Дос болып та қалғанбыз. Барып жағдайымды айтсам аз күн болса да паналатар деген оймен солай қарай кеттім, жаяу. Соңымда бейтаныс бойжеткен. Таң ата жеттік. Үлкен кісі үйінде екен.
- Жаяулатып қыз алып қашып келесің бе, - деді әзілдеп. Мен жағдайымды айттым. Ол кісі түсінді. Жарайды, осында бола бер, уақыт көрсетер. Мұнда не көрсеңдер де ешкімге айтпаңдар, болды. Өзімізде де қонақ бар еді, соған серік боларсыңдар деді. Шөп шауып, мал бағыңдар. Ешкімге ұстап бермейміз біз. Шешендер үйіне келген кісіні сатпайды дегенді мен де есіткенмін. Біз ол кісіге сендік. Шаршағанбыз ғой, шау-су ішкен соң қараңғы бөлмеге кіріп қатты ұйықтап қалыппыз.
Күбір-күбір дауыстан оянып кеттім. Дәлізде екі адам сөйлесіп отыр екен. Маған түсініксіз. Мен шешен тілін білмеймін. Тұрғанымды білдіріп жөтеліп дәлізге шықтым. Сөйлесіп отырған екі кісіге қарап таң қалдым. Бұл екі кісінің біреуі үй иесі болса, екіншісі кеше өзім теуіп жіберіп өзенге құлатқан мас жігіт еді. Шешен ұлтынан екені көрініп тұр. Ол да орнынан тұрды. Амандастық. Орыс тілін біледі екен. Бірақ, біздің жақтың шешендеріне ұқсамады. Не де болса ресейліктерден-ау деп ойладым. Сәлемі түзу көрінді. Ойында ештеңе жоқ сияқты. Мүмкін мені таныған жоқ. Осы кезде менің қасымдағы қыз да ұйқысынан оянып қасымызға келді. Отырғандармен жылы амандасты. Жасандылық ештеңе жоқ. Негізі бұл қыз - қырғыздың қызы екен. Бұл жақта не бітіріп жүргенін кім білген. Мені жағалап қалғанын басқалардан сақтанғаны шығар деп ұқтым да қойдым. Әлден соң үй иесі: мына төбенің ар жағында тағы бір үңгір - үйшік бар, соған барыңдар, бұл жерден қауіпсіздеу, төбелеріңді бұл жаққа көрсете бермеңдер деді. Біз солай қарай кеттік. Ресейлік шешен жігіт сөзге тіпті жоқ екен. Төбенің ар жағында бір шақырымдай жердегі үңгір-қосты оңай таптық, жайғастық. Айналаның бәрі қуыс-қуыс шатқал. Бұл жерден ештеңе байқалмайды.
Басқаны білмеймін, мен өзім төбелеріңді көрсетпеңдер деген жаққа алаңдайтындардың қатарынанмын. Екі құлағым, екі көзім сол жақта. Әлден уақытта қайдан шыққанын білмеймін, қасымызға тағы бір жігіт келіп қосылды. Бұл да шешен. Сыпайы. Қолында былғары сөмке бар екен, онысын бізбен бірге келген шешен жігітке берді. Бес саусағын көрсетті. Бұл ишараны мен түсінбедім. Негізі, біреудің ісіне араласпаған дұрыс екен. Сонда да болса, бұл таудың арасында шешендер көп, бәрі де есірткі шөбін, апиын, анаша өндірумен айналысады дегенді есітуші едім - солар болды ғой деп ойладым. Жарайды, ісім қанша.
Таудың кеші ерте, түні жүрдек түседі. Тауды мекен етпеген кісі түсіне бермейтін нәрселер бар мұнда. Тауда ешқандай от жақпасаң да жылтырап жүретін жәндіктер бар. Мұнда негізгі жарық - ай! Бірақ, бүгін әлі ай тумады. Оқтын-оқтын алыстан күре жолдың гүрілі есітіледі. Бұл қоста бізге орын болмайтыны түсінікті еді. Менің ойымда бөтен ештеңе жоқ. Үйге қайтуды ойладым. Суға кетіп өлген ешкім жоқ екен. Бас аман, бауыр сау тұрғанда солай етейін дедім. Қырдан асып, шешен досымның үйіне қарай бет бұрдық. Басқа жол бәрібір жоқ еді. Әлден уақытта күре жол жақтан бері бұрылған көліктің жарығы көрінді. Біз шешен досымның үйіне жеткенде көлік те келді. Жедел жәрдем екен. Амал жоқ, түйісіп қалдық. Сөйтсем, бұл көлік кешегі өзім көрген жедел жәрдем. Адамы да сол. Бір қолын бинтпен таңып алған. Айырмашылығы, қасында екі полициясы бар.
- Міне, осы азамат деді жүргізуші, - мені көрсетіп, - қасындағы бойжеткен де сол!
Екі полицияның еті тірілген сияқты, маған бақырайып қарады.
- Қасыңыздағы әйеліңіз бе деді.
Мен жауап беріп үлгермедім, - Ия, ол менің күйеуім, не істемексіңдер, - деді, қырғыздың қызы қатқыл үнмен, - сендерге не керек өзі?
- Көлікке кіріңдер, - деді, әлгі полиция, - жауап аламыз сендерден, бол тез. Әкел ана қатынды! Екінші полиция ұстамақ болып қолын соза бергені сол еді, қырғыздың қызы астамсығанды секіріп барып дәл бетінен бір-ақ тепті. Соққы өте қатты тиді. Полиция баж етті де қос қолымен бетін жауып шалқасынан түсті. Қызыл туфлидің өкшесі көзіне кіріп кетіпті. Қадалып, қан атқылап тұр. Қырғыз қыз екінші аяғындағы туфлиді шешіп қолына алып көліктің есігінде, бір қолын кобураға салып тұрған полицияға қарай ұмтылды. Кәнігі спортшының жойқын қимылы. Полиция көліктің есігін тарс жауып немесе қару жұмсап үлгере алмай қалды. Қырғыз қыз ұмар-жұмар көлікке бірге кірді. Атылған пистолеттің дауысы шықты. Артынша көлік ішінен қыз шықты. Қолында пистолет.
Жедел жәрдемнің иесі көрінбей кетті. Сірә, жаны өте тәтті болса керек! Сонан соң, қырғыздың қызы маған қарап:
- Жүріңіз, кеттік, - деді, - сіз тіпті аңқау екенсіз ғой, осыларды да жедел жәрдем, полиция деп жүрсіз бе? Полиция кроссовка кие ме? Жедел жәрдем осылай полиция ертіп жүре ме? Бұлардың бәрі жалғаншы! Сұрау да, обал да жоқ бұларға! Нашақор, бандиттер! Кеттік!
Сонан соң асау қырғыздың қызы әлі ыңырсып жерде жатқан полицияға барды да көзіне қадалып тұрған туфлиді пүңк еткізіп жұлып алды. Бетіне бір түкірді де жүрегінен тарс еткізді. Не деген салқынқандылық, не деген батырлық деп, мен таң қалдым. Бұл қыз оңайлардан болмады... бәлкім шыныққан әскери шығар деді ішкі ойым.
Қырғыздың асау қызы екеуміз ол жерден сытылып шықтық. Қараңғы түн. Шешен шалдың қорасынан шыққан азғана жарық себезгілеп тұр. Сәл ұзаған соң алдымыздан бірдеме қараң ете қалды. Мен байқадым ба десем, қырғыздың қызы да аңғарып қалған екен, мен сияқты аңтарылып қалмаған қыз екі аттап әлгі қараңдағанды шалып құлатты. Сөйтсек, жедел жәрдем жүргізушісі екен. Қорқып қашқан түрі ғой. Бұл жерде не болғанының бәрін көрген.
- Шығар, қалтаңдағыны, - деді, қырғыздың қызы.
Үрейден тісі тісіне тимей сақылдаған жүргізуші қалтасын ақтарып кешегі өзіміз көрген апиынды шығарды.
- Тағы!
Аяқ, қолы бірдей дірілдеген жүргізуші беліне байлап алған бір сөмке шығарды. Мынау ақша деді. Қырғыздың қызы ол ақшаны маған берді. Ұстай тұрыңыз!
Шынымды айтайын, мен бұл ақшаны қолға ұстай тұрмақ түгілі, оған қарауға да қорқып тұрғанмын, бірақ, амалым жоқ еді. Осы кезде шешен кісінің үй жағынан аспанға мылтық атылды, түн болған соң көрінеді ғой. Кәдімгі қосауыз мылтықтың дауысы. Шешен шалдың әлдекімдерге кіжіне сөйлегені есітіледі. Маған тұра тұр деп қырғыздың қызы солай қарай кетті. Шешен шал қайтып мылтық атпады, тағы да өзіне өзі сөйлеп жүрген сияқты болды. Бір кезде пистолеттің дауысы шықты. Сөйлеп жүрген шешен шалдың үні өшті. Мен шындап қорқа бастадым. Қырғыздың қызы қасыма келді. Мына жалған полицияны шақырған да, осындағы құпия тірліктердің бәрін ұйымдастырып отырған да осы шал. Саған менің зияным жоқ, мен өзімнің күйеуімді іздеп жүрмін, ол осылардың тұтқынында. Шет елдерге жүк таситын көлік жүргізетін еді. Төрт айдан бері көрмедім. Төбенің арғы бетінен бұл жаққа әлі ешкім келмепті, сол жаққа барайық. Мен қалай болғанда да күйеуімді алып кетуім керек деді.
Қайдан алғанын білмеймін, қырғыздың қызы аяғына кроссовка киіп алыпты. Арқасында қосауыз мылтық та бар. Кеттік деді.
Төбенің ар жағындағы қосқа да жеттік. Сығырайтып майшам жағып қойған екен. Екі шешен отыр. Біз төтеннен кіріп барғанда, күтпеген болу керек, сасып қалды. Бұлар мына жақта не болғанынан, сірә, хабарсыз болса керек. Қырғыз қыз бірден іске кірісті:
- Тірі қалам десеңдер қимылдамаңдар! Мен әзілдемеймін!
Шешен жігіттердің бірінің көзі бақырайды, екіншісінің қаруы болса керек, қолы беліне қарай жылжып бара жатты... Оны байқап қойған қырғыз қыз дәл басынан қосауызбен атып жіберді. Шешеннің басы қан жоса боп шашылып кетті. Екінші жігіт жерге жата қалды. Қырғыз қызы:
- Мұнда қанша адам барсыңдар, - деп сұрады, - айт, жылдам! Қанша тұтқын бар? Бір... екі...
Болды, болды... деп, жерде жатқан шешеннің жаны қалмады, үш... менімен үш... адам қалды... Біреуі тұтқын...
- Олар қайда?
- Келесі үңгірде... жақын...
Мылтықтың ұңғысын шешеннің желкесіне тіреп түрған қырғыз қыз, байла мынаның қолын деді маған. Мен сол жерден арқан тауып, шешеннің қолын мойнына қайыра байладым. Байлап болып тағы да тартқылап жатқанымда біздің үңгірдің есігінен ішке қарай қолына сота ұстаған біреу ентелеп кіріп келді, ортадағы майшам жалп етіп сөніп қалды. Келген адам тас қараңғыда қолындағысын ары-бері сілтесін келіп... Өзі боқтанып жүр, тоқтайтын емес. Оның артынан қорбаңдаған тағы біреу байқалады.Қайда атқанын кім білген, осы азғана уақытта қырғыздың қызы пистолетті екі рет атты. Бір уақытта Батан деп айқайлап жіберді... Бәрі де тым-тырыс болды да қалды.
- Зыйнат, сен бе?
- Ия, мен, мен Батан!
Сөніп қалған майшамды тауып қайта жақ


тық.
Уақыт өте тар еді. Батан мен Зыйнат табысты. Мені таныстырды. Тез кетейік дедік сонан соң, көрші үңгірде ешкім қалмапты. Жаңағы Зыйнат екі рет атқан оқтың біреуінен Батанның соңынан кірген адам өлген екен. Мен қолы мен мойнын қоса байлап тартқылап байлаған шешен жігіт, ол да буынып өліп қалыпты. Бұл жерде болған оқиғаға куә боларлық ешкім жоқ. Ай қараңғы!


Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті.
Айтпақшы, сол оқиғадан соң теледидар жаңалықтарынан бұл жөнінде хабар берген болатын. Таудағы есірткімен айналысатын бір топ банды бірін-бірі қырып тастапты деп.


Оқиға орнында өкшесі қанға боялған биік өкше қызыл туфли ғана қалған!
Әттең, туфли сөйлемейді...


###

Оралбек Б.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу