Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  104


Автор: Оралбек Бек

ҚОШТАСУ

(М. Шахановтың әруағына)


Келді!
Кетті!
Бұл өмірден Ұлы адам!
Өмір бойы өзі өзі сынаған!
Өмір бойы жалғандықпен күресіп,
Шындықтың әр тасын қолдан құраған!
Ешкімнен де жасқанбады ол асқақ мұраты алдында,
Қаба жалды арыстандай ие болған айбынға,
Өр Махамбет секілді,
Жыр-қылышын сертке суарды ұтымды!
Мұндай "асау" мәрт қазақ бұған дейін болмаған,
Болмақ түгіл "жабылардың" миына да қонбаған...
Нағыз қырқар қанжар еді, айтса сойып айтатын,
Ақиқатқа бойда барын сарқатын.
Ойы бүкір "қасқаларды",
Іші түтін тас қамалды...
Өртеп, шайнап ит терісін сыпыртып,
Бір-ақ ауыз сөзбен кеткен тұқыртып.
Мұндай "сойқан" болған да жоқ мен білетін ғасырда,
Қарсы аққан "кісі жұтқыш" тасырға.
Іздеді ол "тазалықты" айдан емес адамнан,
Мына "жыртық" қоғамнан.
Мойымады, таппай кетті бірақ та.
Жерден жаңа бой көтерген қияққа,
Дыбыс қаққыш, қайшыласқан құлаққа,
Күле қарап бет түзеді жыраққа...
Әруақты жуасыту жоқ ойда,
Оқтын-оқтын көз салып тұр, "ит-құс жүрген тоғайға"!
Көк Тәңірі тербетсін!
Мәңгі өлмейді - соңына із қалдырған,
...Секілді ғой, уақытша ат шалдырған.


Қош бол ақын, қош бол Мұхтар арқалым,
Тас тұяқты тарпаңым!


ОРАЛБЕК 'БЕК 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу