Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  28


Автор: Оралбек Бек

ТӨРТТАҒАНДАР (39)

 


Кім бар дейсің өмірде өкінбейтін,
Керек емес ешкімге жетім кейпің.
Көргендімен көріссең көсем тілді,
Сыпырынды болады шөкімдей мұң.
***
Тастайды дос ортаға сөз келелі,
Жақсылыққа жамандық өш келеді.
Үш-төрт сызық байқасаң маңдайдағы,
Кәдімгідей кісіге ес береді.
***
Сүйремейді дені сау қос кемені,
Кейбіреулер десек те, қош көреді.
Алыптығы алыптың - сүйегінде,
Түсінбейді алыпсоқ ештеңені.
***
Ақыл жоқ деп ойлама мына бізде,
Түсірмейтін жақынын шүбәлі ізге.
Ағайыннан бөлініп саяқ кетіп,
Ешкім опа таппайды құла дүзде.
***
Адамсың ба? Болу шарт мейірімді!
Бүгінгі емес, ойласаң кейінгіңді.
Тән бір бөлек дүние, жан бір бөлек,
Тек бірлікпен мәнді еткен өміріңді.
***
Құдаймен нақ тұрғандай есік пе есік,
Дандайсыды біреулер ісіп - бөсіп.
Ана тілді тастадық "іреп-сойып",
Құзғындар жүр терісін шұқып тесіп...
***
Өзіне өзі айтатын өкпесін көп,
Құрты тұрған тыншымай өкшесін жеп...
Анаң тілін суырып жерге лақтыр,
Тепкілеп кет "тіріліп" кетпесін деп.
***
Неге керек дәл сенің қызыл тілің,
Салақтайтын, сайрайтын ұзын тілің.
Болмаған соң басыңда бостандығың,
Жалап-жұқтап кетпейді ас-тұзыңды кім?!
***
Көру керек, әрине, төзу керек,
Момындықтан бәрінен озу керек!
"Ата жауың" қазақты тұншықтырып,
Келімсекке құшақты "жазу" керек.
***
Білімді құрт, сонан соң ғылымды құрт,
Қайыры жоқ қасақы тіліңді ұмыт.
Әлди айтқан "анаңды" түрмеге жап,
Басын иіп мақтасын мұныңды жұрт.
***
Кейуаналар, бүкір бел шал - шауқандар,
Қолда таяқ...
не демек бұл "сойқандар"!
Абайлаңдар...
кетпесін елді шауып,
Жетектесіп жүрмейді жай "шайтандар".
***
Дін емес қой сақтайтын көр - жеріңді,
Түсінбеймін жетекке ергеніңді.
Көргің келіп тұр ма құл - қамытыңнан,
Тумай жатып өлген... қыз, сөнген ұлды!
***
Ойлама деп, бәрін де дін біледі,
Дін дегенің адасқан жынның елі.
Құлақ тоссаң молданың айтарына,
Жымысқы еді, не деген жылмың еді.
***
Көп елдерді сығалап жоқтық дарын,
Десең дағы қоршап тұр өксік қалың.
Жалықпайды бес мезгіл азандаудан,
Пырадарлар қоңсытқан тек "бұт" қамын.
***
Дейміз дағы: "бұл қазақ алданбайды",
Шаршамаймыз жасаудан қолдан қайғы.
Ескі шоқпыт, бәрібір ескі шоқпыт,
Жамап-жасқап кигенмен мал болмайды.
***
Уәжің бөлек, досым-ау, жөнің де ерек,
Айтқан сөзің қонып тұр көңілге кеп.
Ойлап жүр ем, өзім де, кірдің шықтың,
Бұл өмірді, ауыр ма, жеңіл ме деп.
***
Ұқсамайтын ешқашан жаман затқа,
Ортақ қой бұл шыққан күн адамзатқа.
Әй, суретшім, ақ жүзін көріктімнің,
Бұлтпен бүркеп сызғылап арандатпа!
***
Дүйім жұртты келдің бе азаптауға...
Жұмақ бар ма,
дей берме, тозақ бар ма.
Ойсыз қалып кетсең де жер бетінде,
Тойсыз қалып кетпейсің қазақ барда.
***
Ауған жері, әрине, "жұмбақстан",
Қалжыраған, шаршаған жан бағыстан.
Тәлкегіне тағдырдың таң қаласың,
Қарап тұрып қырларға қаңбақ ұшқан.
***
Ауған жері, құр қалған тамашадан,
Не жақсылық ойлары аласадан.
Соғыс өрті қаншама таптаса да,
Сау адам жоқ апиын, анашадан.
***
Білген жанға "кісі жегіш" зор қайғы,
Мекерліктен өткен кесел болмайды.
"Мыстандардың" мамандығы бұл деген,
Айналаңнан көріп жүрсің ондайды.
*** 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу