Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  18


Автор: Оралбек Бек

ТӨРТТАҒАНДАР (27)

 


Мына көктем кешікті ғой тағы да,
Қанатты құс қонушы еді бағыма.
Күзді кешіп жүргендеймін дәл қазір,
Көк мұздақтар қатты тиіп шамыма.
***
Ер-тоқымсыз қарғып мініп күлікке,
Қаншама рет тіке тарттым биікке. -
Кілт бұрылып күдер үздім сонан соң,
Көзім түсіп биліктегі бүлікке...
***
Сағыныштан сарғаяды сезім де,
Күндер өте сарғаясың өзің де.
Күндізді емес, түніңді айтсай бәрінен,
Бар құпияң кілкиді ғой көзіңде...
***
Кішірмейсің, кішіргің де келмейді,
Жан жараңды уақыт өзі емдейді.
Жазмыш қой деп сына алмайтын жан ғана,
Төменге емес, шыңға қарай өрлейді.
***
Үлкен сынақ, ылдиың да, өрің де,
Қалыспайды одан қайғы, шерің де.
Адам деген бәріне де тәуелді,
Тек жеңісі - жүректегі сенімде.
***
Біреулер бар жетелейтін қосқа айды,
Біреулерге иықтағы бас қайғы.
Ойдың төрін мекен еткен түйсігің,
Жаңылмайды, жаңа жолға бастайды!
***
Байланыста болу керек бәрімен,
Дертті болсаң бұл да үлкен дәрумен.
Нағыз емші қол үзбеген өз ортаң,
Сырласқаның жасыңмен де, кәріңмен.
***
Қайғылансаң төгіледі көз жасың,
Бұл өмірде бұғып жатқан аз ба сын!
Тас төбеңнен ұрғаны ғой құдайдың,
Аман болсын десең жеке өз басың.
***
Айтарым сол: "мұның бәрі неткен сын...",
- деп, елірсең, мен жаныңнан кеткен соң.
Өзің түгіл өсиетті ортадан,
Қараңды үзіп көлеңкең де жоқ болсын!
***
Аз ба, көп пе, көрмегені, көргені,
Еңкейгенге жұптамайды ел нені?!
Қарт маңдайын осып өткен төрт сызық,
Неткен терең әрі неткен шерлі еді.
***
Мысқалдың да бар ұстайтын кіндігі,
Жақсылардан сөз шығады үлгілі.
Алмас қылыш қиғаш қиып өтсе де,
Қызыл тілден өткір емес, біл мұны!!!
***
Уа, қызыл гүл - қызыл көйлек киген қыз,
Қаздай қалқып қай тараптан келгенсіз.
Көркіңізге көз тастасақ сұқтана,
Көрінесіз жүрмейтіндей жермен сіз!..
***
Не болмайды өмір атты тартыста,
Бірін бірі жеп жатыр ғой аң, құс та.
Арасында адам да бар олардың,
Азық болған қарға тұмсық қарғысқа!
***
Саяқ кісі мүгедекке ұқсайды,
Ұшам дейді, бірақ, сорлы ұшпайды.
Тәкаппарлық өсірмейді ешкімді,
Жазды көріп ойламайтын қыс жайлы!
***
Секілді бір қанатсыздың тірлігі...
Құйрықсыз құс қона алмайды біл мұны!
Зеңге тұтқын сасық бастау секілді,
Шыныңды айтшы, кімнен алдың үлгіні!
***
Жер бетінің бәрі жемтік қарасаң,
Астына көз салсаң тіпті орасан.
Өсиеттен өрмек өріп өмірлік,
Кім бар екен жалғыздықпен санасар!..
***
Қара бұлтсыз қара жаңбыр жаумайды,
Құс шіркін де тақыр жерге қонбайды.
Қолдан жасау бұлттың көшу кестесін,
Түптің түбі табиғатқа сол қайғы!
***
Тырнағы бар дес бермейтін қамшыға,
Ала бұлтқа кетті сіңіп шаншыла.
Кім екенін дәлелдеп жүр өзінің,
Көк перісі - жұдырықтай қаршыға.
***
Жата алмайтын іріп-шіріп қырда өліп,
Ұшу білмес арқасына мұң жегіп.
Ешқашанда көз салмайды жемтікке,
Мұзбалақтар құлқын үшін құл болып.
***
Жақсы сөздің болмаса да бөтені,
Бұл жалғанның құпиясы жетеді.
Ештеңеге түсінбеген күйінде,
Адам деген дүниеден өтеді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу