Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  18


Автор: Оралбек Бек

ТӨРТТАҒАНДАР (24)

 


Жер бетінде жетеді жарлы адамдар,
Жақсылыққа үмітін жалғағандар.
Неге қалсын бұлардан айыр тілді,
Сұр жыландай пейілі тар надандар.
***
Қоса жұттық ұятты ішкілікпен,
Болдық жұртқа "сүйкімді" үш қылықпен.
Қажет болса ән салдық, жаға жырттық,
Бірақ пайда жоқ болды ол "күштіліктен".
***
Іш арақты, ешкіммен амандаспа,
Қалмапты ғой жақының одан басқа.
Отырып іш, тұрып іш, әйтеуір іш,
Аларып қал құймаған сараң досқа.
***
Алғандай-ақ салдырып арнайы дем,
Кейбіреулер жер сүзді маңдайымен,
Жүзін жауып тоңқайып жатқан пенде,
Оқымақшы әпсүнді қай жағымен...
***
Бейшаралар жылайды жігері жоқ,
Түк шықпайды адамнан күлері көп.
Кедейліктен қол үзіп кете алмайсың,
Уайым жүрсе жаныңды үнемі жеп...
***
Бәрін жеңер күрестен тартынбаған,
Жарты жолда қуаты сарқылмаған.
Қапқа тұтқын болмайды алмас қылыш,
Қиындықтар суарған жарқылдаған.
***
Жас та болдық, кей-кейде мас та болдық,
Сын айтқанды жат көрдік - басқа көрдік.
Тұла бойды тұманға толтырғанбыз,
Миымызға қонақтап тас кереңдік.
***
Сен кетті деп дүние жарылмайды,
Мен кетті деп баспайды қалың қайғы.
Өтті бізден бұрын да талай қасқа,
Өз жолынан жаратқан жаңылмайды.
***
Мешіт маңын надандар жағалайды,
Өнер-білім қажет деп санамайды.
Біреулер жүр жұмаққа жолдама іздеп,
Түйсігі бар ондайға қарамайды.
***
Кім кетпейді жалғаннан, бәрі де өтер,
Болсын қанша адамның жаны бекем.
Оқы-тоқы, бәрібір, түсінгенге,
Мына жарық дүниең сағым екен.
***
Тәспі аударып сырғытып саусақтары,
Кімге, нені діншілдер аңсатпады. -
Секілді бір басына сәлде ораған,
Қу түлкі мен қуаяқ қарсақтары.
***
Бәлкім солай шығар-ақ, өмір жөні,
Кім біледі, аңсады көңіл нені.
Көз жетпейтін алысқа көп қарадық,
Бар ма екен деп жолының жеңілдеуі.
***
Қысқа күнде ұтылып, кім ұтады,
Жақсы сөздер жаныңды жылытады.
Орындалған арманның несі қызық,
Тұрмаса егер қылтиып бірі тағы...
***
Әсем әні шалқытып көк аспанды,
Қоюшы еді орнына "адасқанды".
Сол құстары көктемнің қайда кеткен,
Көрмеп едім дәл мұндай қораш таңды.
***
Айтары бар ақылдың дәнін еккен,
Көрінеді жақсының ары беттен.
Көк тәңірі оянды Түркілердің,
Сағындырған сан жылдан қадыры өткен.
***
Түркілерміз біз деген сертке берік,
Қанында жоқ қисынсыз өкпе,
желік.
Кем емеспіз сілкінсек найзағайдан,
Аспан, жерді тастайтын төртке бөліп...
***
От, су, ауа, жерге де табынамыз,
Тау да, тас та, біз үшін нағыз аңыз.
Күн мен айға тым ерек, тәу етеміз,
Бір сәт жүзін бұлт басса сағынамыз.
***
Тіріде адам, тек сөзбен жетілетін,
Түсінетін заманның кепиетін.
Білер ме едің өзіңнің кімдігіңді,
Тыңдамасаң бабалар өсиетін.
***
Шегір көзі шаншылып әр биіктен,
Қанат жайса келбеті айды иіткен.
Мұзбалақтар өледі қартайғанда,
Өзін тасқа лақтырып зау биіктен.
***
Аз шыққан бар биікке, көп шыққан бар,
Жалын болды... елім деп от құшқандар.
Арыстанның қартайып демі біткен,
Құлағында ойнайды көртышқандар.


ОРАЛБЕК АТА




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу