Өлеңдер ✍️
ХАТҚА ЖАУАП БОЛМАДЫ
Дәйек жоқ,
Бұл сұраққа жауап болар,
Көк құрақ от тимесе абаттанар.
Бозторғай боз даланы әнге бөлеп,
Қызықтап мұқым жандық қарап қалар.
Байыппен қамыс-қоға тербетіліп,
Үңіліп су бетіне ерке шыбық,
Аспанға күміс шашып айдын беті,
Ойнайды ақ шабақтар көлде тұнық.
Тораңғыл бұтақтары түйін бөртіп,
Жантақтың бал аралар гүлін кертіп...
Жатқан-ды балқып мына тыныштыққа,
Уақыт мамыражай күйін шертіп.
Кенеттен алты қырдан шаң бұрқырап,
Көздерге көлденеңдеп мың бір сұрақ.
Көрінді келе жатқан секілденіп,
Алапат аспаннан бір сүргін құлап...
***
Жантайып іргесінде жертөленің,
Жатса да оймен шолып жер көлемін,
Қазағым қателікке бой ұрмаған,
Ешқашан ұмытпаған ең керегін.
Демінен жаратқанның бақ дарыған,
Бесіктен намысы асқақ баптап ұлан.
Үлкені жетірудың телеу мырза,
Шығысы Сары өзеннен ат қайырған.
Телеулер әлімсақтан жөн білген ел,
Жаманды жақсылыққа жеңдірген ел.
Алтайда жер астынан алтын тауып,
Тұрмысқа ең бірінші ендірген ел.
Байқасаң жұлқыстарда құдіретін,
Жауына қара аспанды төндіретін.
Ерлікпен қаза тапқан батырларын,
Кигізіп алтын киім көмдіретін.
Салты бар жорықтарда сыналатын,
Қайтсе де туған жерге оралатын.
Ежелгі қарт қазақтар телеу жұрты,
Ғұндардың түп атасы саналатын!
Кезінде "Теле-Өгіздер" атанған ел,
Шаттықпен күнге қарай бет алған ел.
Енесай, Хазар теңізі ортасында,
Еркіндеп ту көтеріп жата алған ел.
Жыл өтті содан бері-бес жарым мың,
Сынына сына түспей текті арымның.
Үн қату мыңжылдықтар мінерінен,
Қолынан келе бермес еш дарынның.
Бұл жағы мәшһүр бүткіл зиялыға,
Шомылған көне тарих шуағына.
Тегімнің мақтан етсем тереңдігін,
Қандастың алтын сырға құлағына.
Елімнің қанаттанып самғауына,
Бұлбұлдың құйқылжитын таңдайы да.
Көлдерде жүзуші еді мамыражай,
Жайындар гүл қыстырып маңдайына.
Тарихтың дегеніне көнеміз де,
Түк те жоқ оған енді себеп іздер.
Төрт мың жыл дәл осыдан бұрынырақ,
Жарылып кетті екіге "Теле-Өгіздер".
Ұстын боп қалатындай даңқы аңызға,
Абыздар билік айтып сар тамызда.
Бөлінді "Телеу" болып, "Оғыз" болып,
Бұл жағы мәлім енді баршамызға.
Бойынан бұл күндері тарап қайғы...
Әркім-ақ, көн кітапты парақтайды.
Оғыздар алты алаш боп қоныстанды,
Телеулер жетіру боп қанат жайды.
Әлқисса, әруақты бар батасы,
Төрт түлік малға толған сай, жотасы.
Айбарлы ұран болған ұлысына,
Арғымақ телеулердің арғы атасы!
Арна екен жүйелі сөз жанға жетік,
Кетпейтін ешкімге де салмағы өтіп...
Кен қазып, алтын тапқан балғасын да,
Берген ғой телеулерге - таңбасы етіп!
Телеулер осылайша дараланған,
Тынысын кеңге салған, сараланған.
Бәрі де көзсіз батыр бұл ортаның,
Қаласа, жеке шауып, қамал алған!
Қарақшы қалмақтар да қашқан талай,
Сужүрек жоңғарлар да босқан солай.
Жерінен жетірудың өтер болса,
Өтетін кім де болса аспандамай...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇