Әңгімелер ✍️
ТАЙЛАҚ БАТЫР
/дастан/
Сөз басы
/монолог/
Апыр-ай, неткен суық жатқан жерім,
Арқама қиыршық тас батқан керім.
Шама жоқ қимылдауға бұл не сұмдық,
Неліктен көрсетпейді аспан төрін?
Өшкен бе, жұлдыздарым өрім кейпің,
Заңғардан неге жерге төгілмейсің?
Сағынған гүл иісін самал да жоқ,
Жортақтап түн баласы ерінбейтін.
Жан-жағым тас қараңғы, жарық қайда,
Бұл адам жата - жата жалықпай ма?
Сынағың келсе мені, ей, тағдырым,
Жалыны жан шыдатпас тамұққа айда!
Айналам, неге жым-жырт, түсінбеймін,
Жүр дейсің бұл заманда күрсінбей кім?!.
Қарттарым, алты алашым аман ба екен,
Қол жайып елге амандық берсін дейтін.
Шаң жұқпас шын жүйрікке аламанда,
Бақ-дәулет қона бермес қалағанға.
Ұлы едім ел ардағы - Мәті бидің,
Теңеген қалың қазақ қара нарға!
Он төртте батырлықпен көзге түстім,
Бар-жоқты әз-халқыммен тең бөлістім.
Көрешек күндеріммен қатар ағып,
Оябын таптым талай өзге де істің.
Көрсем де қылшанымнан шетін удың,
Ергем жоқ жетегіне өкінудің.
Тарпаңдау,
ірілікті құп көретін,
Ұрпағы ем Телеу мырза - Жетірудың.
Есті жұрт қашаннан-ақ жер қорыған,
Маңдайды тостық соққан желге оңынан.
Қарсыдан жауған оққа міз бақпадық,
Қорқақтап түскен жоқпыз жолға бұраң!..
Жатушы ек құба жонды қыранша аңдып,
Жау шықса "Арғымақтап" ұран салдық.
Керексе қайғыны да қайық еткен,
Бірлікті ала алмайды жылан шандып.
Бұл жайлы мәлім қалың көпшілікке,
Ешкімді азғырмадық жікшілдікке.
Не жетсін көршіңменен сыйласқанға,
Небәрі, бес-ақ күндік тіршілікте.
Қондыбай батыр барда оң жағымда,
Жиенім Саурық барда сол жағымда.
Жүруші ек төбе тұрмақ тауды үркітіп,
Түсетін шоқтай болып ең қалыңға.
Тұлғасы Қондыбайдың ерек еді,
Мұндай ер жетіруға керек еді.
Намысы рамаданның былай тұрсын,
Ел қамын ойлағанда зерек еді.
Саурыққа қарап тұрып жөні бөлек,
Ойлайсың күллі ошақты бөрі ме деп.
Тұлпарға болат тұяқ не жетеді,
Танаудан бұрқыраған демі де ерек...
Көк майса қарасаң да қай маңды алып,
Көгінде құстары ұшқан сайран салып.
Ел едік сенім атын байрақ еткен,
Ілескен ұлы көшке жайнаң қағып.
Мөп-мөлдір аумай қалған таң шығынан,
Нәр алып Ор мен Жемнің бал суынан,
Жататын жұрт едік қой қарға тамыр,
Жайлауға шақырысып қарсы құда.
Мал жайған таң бозынан бозаң қырға,
Тырыстық жолатпауға тозаңды да.
Білмейтін кісілікті құныс пиғыл,
Алады-ау иттей үріп мазаңды да.
Шәуілін есітсек те кей-кейде бір,
Аптығын бастық талай "тау" кеуденің.
Дүрлігіп елдің іші кетпесін деп,
Өзім-ақ ондайларды жеукемдедім...
Біз қазақ, тілемейміз жатқа өлімді,
Шаппаймыз жансыз барып басқа өңірді.
Келсең кел, құшақ жайып қарсы аламыз,
Тек қана былғамашы ақ төрімді.
Біз қазақ, шөлдетпейміз жақсылыққа,
Ешкімді талатпаймыз жоқшылыққа.
Сондаймыз - біз жетіру әлімсақтан,
Көрісіп, сыйыспаймыз жат қылыққа!
Ал, бірде, бұлтқа құзғын барып қонды,
Айтқаны көріпкелдің анық болды:
Күн сөніп,
аспандағы ай тұтылды,
Қараулық бейбіт күнге салып қолды.
Қалмақ пен жоңғар шапты жаныға кеп,
Болды онда жау жағының саны да көп.
Лап бердік бес мың қолмен елу мыңға,
Ойлаған ғой Жетіру жалынар деп.
Соқса да жазатайым оқысқа арты,
Жекпе-жек ол кездері соғыс шарты.
Жігіттің жігітіне бұйыратын,
Көрінер сертті сында намыс нарқы.
Сулығы найзасының күрең жарғақ,
Жоңғардан шықты біреу "Урен Гой-лап!".
Күркіреп тірі төбе секілденіп,
Шуласып арқасынан түмен қалмақ.
Астына мінген аты жардай анық,
Тиген тас тұяғына майдаланып.
Шаңдатып жер мен көкті келді ортаға,
Көрмедік бұрын-соңды мұндай алып.
Ерекше Саурық батыр шаққан еді,
Үмітін жотасына артқан елі.
Ұрандап бұл да шықты ытырылып,
Кетпеген ешқашанда жатқа кегі.
Найзалар сатыр-сұтыр қақтығысты,
Қылыштар аш бүркіттей шаптығысты...
Жоңғардың кетті басы домаланып,
Мұндайда жеңеді ғой бапты, күшті.
Ал, сонан кетті екі жақ араласып,
Жан беріп, жан алысып, жағаласып.
Сақпаны Қондыбайдың сұмдық еді,
Атылған айдаһардай араны ашық...
Жарқ етті бір бүйірден Есет батыр,
Айбаты жай құлатқан кесек батыр.
Сілтесін, селебесін, сілтемесін,
Бес-ондап жаудың басын көсеп батыр.
Тамадан шыққан Есет түкті жүрек,
Сіңірін кек суарған нақ құдірет. -
Көкжалдың қылыш түгі көрінгеннен,
Жаулары кетуші еді тіпті жүдеп...
Керегі көкбөріге осындай жау,
Сұраған атасының басындай дау...
Сімірді үш күн үш түн ыстық қанды,
Мелтектеп Ырғыз бойы - жасыл жайлау.
Білмеймін, тойынғанын қанша балық,
Тоғыттық жауды суға, жарға апарып.
Қалдығын жоңғар, қалмақ қосынының,
Жібердік отқа орап қоршап алып.
Қып-қызыл болды суы Бұлантының,
Толқыны көбік шашып Білеутінің.
Шайқастың сұрын айтып күй толғайды,
Таппастан қара қобыз - сүлей тыным.
Бір жақтан, жаза берсін қаламұштар,
Кейбіреу асыра айтар баға құштар.
Күш емес, соғыс жайын айла айтады,
Астында дарияның сан ағыс бар...
Атанып кетті содан "Қалмаққырылған",
Бұрыңғы "Қарасүйір" қунап тұрған.
Ақсақал ақ баталы бет сипады,
Жеңісін Жетірудың құрмет қылған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇