Өлеңдер ✍️

  12.06.2026
  6


Автор: Оралбек Бек

Төрттағандар (7)

 


Махаббатқа шырмалу да - қайраңдау,
Дәлірегі ештеңені ойланбау.
Қиялданып ақ кемеге мінгенің,
Жиі алданып мұңға батып бұлаңдау!..


***
Сөз айтпасын десең ешкім сыртыңнан,
Мін таппасын десең мінез құлқыңнан.
Жүрек қылын қайта-қайта қақтырмай,
Безу керек сезім қуған сылқымнан.


***
Ал, жұлқындың... одан бірақ не пайда,
Сонда сені біреу батыр атай ма?!
Біле білсең, табылады достан да,
Сау басыңды сансыратар жеті айла!


***
Ойлап қалма жан деп мені алаңсыз,
Сурет салсам, салам ешбір бояусыз.
Көп суретші тебірене білмеді,
Көңіл-көзі болғаннан соң жарамсыз.


***
Айтқаныңның жоғы басым барынан,
Саналысын бөліп тастар қағынан.
Бұл қазақтың шыдамы да бар-ақ қой,
Бірақ-бірақ түрте көрме шабынан...


***
Өмір-өзен буырқанған толқыған,
Адам-қайық айдынында қалқыған.
Не шықса да шығады ғой желкені,
Дауылдарға шыдас бермес олқыдан...


***
Білімімен тастайтұғын тас жарып,
Дүниеде жоқ адамнан басқа алып. -
Білер болсаң, ай жұлдызға қас қағып,
Ол да жүр ғой түнгі аспанды басқарып.


***
Үнсіз келдім, үнсіз кеттім,
таң қалдым
Өзіме өзім, оны сен де аңғардың.
Батар күн тұр көкжиекте жымиып,
Жолы осындай болады деп арманның.


***
Кейде үзіліп кетсін, мейлі, күдерім,
Ішім жылап, ырқымнан тыс күлемін.
Есі кетіп тыңдайтын да - жүрегім,
Елжіретіп сөйлейтін де - жүрегім.


***
Бас қадірсіз... тірілерің сенімсіз,
Саясаттан жерің, көрің, бәрі сыз.
Бұл қоғамың дайын болды, о, сұмдық,
Азаматын көму үшін кебінсіз!..


***
Шындығым ғой... айтсам бәрін ақтарып,
Көңіліңе қалдың ба екен қатты алып.
Сызы барлау сырым болса, кеш мені,
Сол күн жым-жырт кетіп едім аттанып.


***
Артық не бар ай түнеген баулардан,
Күміс ұшқын бұрқыратқан қайнардан.
Қарап тұрсаң бәрі бұның ем - дәрі,
Ғашықтарға өмір жайлы ойланған.


***
Менде не тұр, мен бір жүрген саяқпын,
Екі ұшын да көрген тағдыр-таяқтың.
Өткен күні тұнып тұрған өкініш,
Кейпін алған өрттен қалған дарақтың...


***
Батқан күннің шұғыласы уақытша,
Бірер сәттік бояулармен шатыспа.
Пендесің ғой, ең алдымен болжап ал,
Барар жерің шығыс па, әлде, батыс па!?


***
Нұрлы түнде қол ұстасып көп жүрдік,
Ішкі, сыртқы әңгімені өндірдік.
Бірақ, неге, сезім қылын шертпедік,
Секілді бір бұл кездесу бір күндік.


***
Бұлқынады еркесылқым тал шыбық,
Желге қарсы, қара терге малшынып.
Көк көйлегі кетпесе екен түріліп, -
Жас қабығы қалмаса екен аршылып...


***
Майда толқын кекілінде сәуле ойнап,
Көбіктеніп жатыр көлде балқаймақ.
Ақ шабақтар ойнақтайды, ну болған
Жағалауға балқаймақты шаужайлап.


***
Балғын бұлақ нәрін бойға сіңіріп,
Ойында бар өніп-өсу - ірілік.
Жас құрақтың айта алмаған арманын,
Адам болсаң, ертең емес, бүгін ұқ!


***
Азамат бар - елдің үміт-тірегі...
Ауызын ашса көрінетін жүрегі.
Көлеңкесін қызғанбайды ақша бұлт,
Саяң болып сенімен бір жүреді.


***
Мейлі, ұнат, ұнатпасаң өзің біл,
Не айтсаң да тұрған бойым төзіммін.
Өмір-кеме жүзді бір кез адаспай,
Шырағымен жанып тұрған көзімнің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу