Өлеңдер ✍️

  10.06.2026
  62


Автор: Оралбек Бек

КӨКТЕУ

 


Бұл өмірде ештеңе де таңсық емес білгенге,
Бақ келмейді екі қолын жеңге тығып жүргенге!
Жалғыздықты көргің келсе, қашық емес ол тіпті, -
Ойланарсың табаныңды шағыл тесіп, тілгенде.


Көрдік талай қараңғы түн, көрдік талай ақ таңды.
Мақтанамыз бетке ұстап бір жаңалық ашқанды.
Ар сотына беру керек аяғына тұлпардың,
Темір кісен салғанды емес, кісенді ойлап тапқанды.


Кең кеуделер босаңсыды, мұңға сырын алдырды,
Кінәлі деп тар қапасқа қамап қойдық тағдырды.
Қаралы күн - қара қазан жайын айтып бүк түскен,
Қалың елге жайып салдық көңілдегі сан сырды.


Көкіректі азулы азап мүжіп жатсын қаншама,
Қайсарлыққа кезікпеген көрсоқырлар - бейшара...
Қайдан білсін нар қазақтың тасты жарып тік өскен,
Келбетімен ұқсайтынын мәңгі жасыл шыршаға.


Жау не дейді? Жау дегенің - жалғыздығың өзіңнің,
Жұртта қалған қара қазан - бейнесі еді төзімнің. -
Кірпі үміттің тікенегін белден басқан қажырың,
Қыжылына малып алған қарашығы көзіңнің.


Талай-талай суардық қой жастықты көз жасымен,
Қайран жүрек пісіп шықты сол жастықтан... расымен.
Күрсіністен шыққан жалын отты жебе ұштады,
Жезтырнақ құз тұра қашты әуре болып басымен...


Өмір-ұстаз, ештеңе де ескерусіз қалмайды, Табандылық жігерлі мен намыстыны таңдайды.
Қиындықпен қағысқанды Көк Тәңірі қолдайды,
Өзін өзі тапқан жанды ешқандай жау алмайды!


ОРАЛБЕК 'БЕК




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу