Өлеңдер ✍️
Сен ақынды қорлама, қорламашы
Сен ақынды қорлама,
Қорламашы,
Ақын деген - тағдырдың өр баласы,
Өлтірсең де болады өрде басы,
Жатпайтұғын жалғанда жерде басы!
Сен ақынды итерме
Кеудесінен,
Ақын жыры емес пе сел-несібең.
Толқын болып тулайтын теңіз де сол,
Сөйлейтін сол домбыра пернесімен.
Ақын деген адам ғой
Елден ерек,
Ақындарды жел, дауыл пенде дер ек.
Есеп-қисап дегенді білмейтұғын
Отқа өзі түсетін ол - көбелек.
Болмашыға қалатын
Жараланып,
Ақын деген жаны әлсіз, дара халық.
Сезіміне сенетін аңқау, аңғал,
Баладайын балауса болады анық.
Ақындарда өзгеден
Басқа жүрек,
Шабыттанса шығады аспаны үдеп.
Жырын ұққай бәйгеге қосқаны деп,
Жаралама жүрегін босқа мінеп
Жырын оқып, жан жылып,
Тамсанатын,
Тепкілерге төзбеген қаншама ақын.
Тірісінде сыйламай, өлгеннен соң
Тілді безеп мақтаумен там соғатын.
Сен ақынға төре боп
Ірісінбе,
Ірілігім өзіме, құрысын де!
Қай ақынды табарсың жер бетінен
Көріп кеткен құрметін тірісінде.
Жүрегінің лүпілі -
Жырдағы үні,
Бұлт үйірме - күлімдеп тұр ма Күні?!
Жүрегіне шындығы шуақ берген
Ақын деген - өмірдің шын лағылы.
Ақын емес, сызданған
Салқын адам,
Ақын жаны, өртенген жарқыраған.
Бастауындай қайнардың таза, мөлдір
Ол жаралған жарықтан, нар-тұмадан.
Ақын деген - айнасы
Көп өнердің,
Ақын деген - өзі ғой кенен өрдің.
Жүрегінің түбінде күмән болмас
Өзі емес пе нұр болып себелердің.
Кеудесінен итерме сен ақынды,
Көрсетіп ап мінезін тебегеннің.
Қалдырмаған көңілін көбегеннің,
Ақ жүректен ақтарған жырын ал да
Көз жасыңды көлдетіп төге бергін.
Сонда ғана ұғарсың бар болмысын
Сыршыл, жыршыл шын ақын деген Ердің!
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
"Солтүстік Қазақстан" газеті. 22 ақпан 1994 жыл. 6 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇