Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  21


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Ауылым, Аяулым

 


"Суаткөл" мен "Ілияның" арасында
Көп үй болған, енді жоқ! Нанасың ба?
Соны көріп, көңлім құлазыды,
Күйге түстім амалсыз, шарасыз да..


Ауыл еді-ау бір медет қылатыным,
Болжап па едім қанаты сынатынын.
Екі шеті көшенің... Екі үй қалған,
Шошынасың көргенде мына түрін.


Тәтті еді ғой туған жер түтіні де,
Жарау еді-ау жарасқан күтімі де.
Сөгілместей іргесі алтын құндақ,
Қалай қашқан ауылдың құты, міне!


Бұлбұл ұшып көзімнен нұрлы заман,
Мазасыз күй жанымды бұрғылаған...
Қолдан келер қайран жоқ, зорға тұрмын
Баладайын қыңқылдап құр жылаған.


Сәлемдесіп жасымен, кәрімен де,
Балап тұрдым қайсарға, бәрін ерге.
Қажымайтын, талмайтын қаһармандар
Батпан жүкті шығатын алып өрге.


Ағайынның жүрегі жайсаң қалай,
Соны көріп сендағы тайсалмағай.
Соқсадағы дауылы бұл заманның
Жел өтінде жүрген бір қайсарлар-ай!


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу