30.05.2026
  17


Идеядан эфирге дейінгі жол»: Телевизиялық форматтар мен сценарий архитектоникасы

Бүгінгі уақытта медиа нарықтағы таңдаудың көптігі мен ақпараттық ағынның жылдамдығы дәстүрлі телевизия саласына, соның ішінде ойын-сауық индустриясына сапалық тұрғыдан жаңа талаптар қойып отыр. Көрерменді экран алдында тапжылтпай ұстап тұру тек бір ғана мықты әнмен немесе танымал қонақпен шектелмейді. Кез келген сәтті шыққан халықаралық франшизаның, отандық авторлық жобаның немесе миллиондар асыға күтетін Жаңа жылдық түнгі шоулардың артында көрінбейтін үлкен механизм –  сценарийлік шығармашылық пен редакторлық қатал драматургия тұрады. Сырт көзге тек жүргізуші мен қонақтың еркін сұхбаты сияқты көрінетін тірі эфирдің артында бүкіл команданың жұмысын үйлестіріп отыратын сценарист маманның қолтаңбасы жатыр.


Жаңа медиа дәуірінде телевизия өзін әлсіреп бара жатқан сала емес, керісінше интернетпен конвергенцияланып, қайта жаңғыратын үлкен мүмкіндіктер кеңістігі ретінде дәлелдеуде. Осы орайда, қағаздағы мінсіз сценарийдің эфирдегі шынайы эмоцияға айналу процесі, шетелдік форматтарды ұлттық менталитетке бейімдеудің «асханасы» және көрерменді баурап алатын психологиялық интриганың құпиялары төңірегінде кәсіби маманмен тілдесудің маңызы зор.


Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – отандық телевизия кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы бар, бірнеше ірі медиахолдингтерде ауқымды жобаларды жүзеге асырған тәжірибелі практик, кәсіби маман Ақбота Тұраш. Ол «Жібек жолы» ұлттық телеарнасынан көрсетілетін «Кеш емес» және «Төрлетіңіз» бағдарламаларында, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Бәрекелді» жобасында, сонымен қатар «7-арнаның» халықаралық франшизаға негізделген «Интуиция» мега-шоуында бас сценарист-редактор қызметін атқарған. Республикалық жетекші телеарналардың ең жоғары рейтингтік көрсеткішке ие маусымдық медиаөнімдері –  «Жаңа жылдық түнгі мега-шоуларының» сценарийлік архитектурасын қалыптастырған Ақбота Тұрашпен болған мазмұнды сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


Зерттеуші:


Идеядан эфирге дейінгі жол. Сіз отандық бірнеше ірі телеарнаның («Қазақстан», «7-арна», «Жібек жолы») ауқымды музыкалық-ойын-сауық жобаларында жұмыс жасадыңыз. Сценарист-редактор көзімен қарағанда, қағаздағы сценарийдің эфирдегі нағыз тірі шоуға айналу процесіндегі ең үлкен қиындық пен қызық не? Студияда импровизацияға қаншалықты орын беріледі?


Респондент:


Сценарий қағазда мінсіз көрінгенімен, эфирде бәрі мүлде басқа динамикамен жүреді. Ең үлкен қиындық – сол жазылған дүниенің эмоциясын, энергиясын жоғалтпай, тірі форматқа айналдыру. Себебі түсірілім кезінде уақыттың тығыздығы, техникалық өзгерістер, қатысушылардың көңіл-күйі, тікелей эфирдің күтпеген сәттері –  бәрі процесске тікелей әсер етеді.


Ал ең қызығы –  дәл осы кадр сыртындағы процесс. Мен редактор, шығармашылық адам ретінде осы бір қарбаластан ерекше лаззат аламын. Кейде сценарийде жоқ бір импровизация, жүргізушінің тосын реакциясы немесе студиядағы ерекше атмосфера бүкіл шығарылымның ең есте қалатын сәтіне айналып кетеді. Сондықтан студияда импровизацияға әрдайым орын беріледі. Бірақ ол толық еркіндік емес, бәрібір жобаның драматургиясы мен белгіленген ырғағы қатаң сақталуы тиіс.


Зерттеуші:


Рейтинг пен көрермен талғамының құпиясы. Қазіргі кезде көрерменді экран алдында 2 сағат бойы тапжылтпай ұстап тұру оңай емес. Бағдарламаның рейтингі жоғары болуы үшін редакторлық топ контентті қалай үйлестіреді? Бүгінгі қазақстандық көрерменге нақты не қажет: таза вокал ма, әлде психологиялық интрига мен шоу ма?


Респондент:


Қазіргі көрерменнің назарын ұстап тұру бұрынғыдан әлдеқайда қиын, өйткені медиа нарықта таңдау өте көп. Сондықтан рейтинг тек бір мықты әнмен немесе танымал қонақпен ғана жасалмайды. Редакторлық топ әр шығарылымда эмоция балансын құруға тырысады: музыка, драматургия, құпия қонақтар, қатысушылар арасындағы байланыс – бәрі бір тұтастықта жұмыс істеуі керек.


Музыкалық жобаларда контент алдын ала өте мұқият құралады. Қай орындаушыдан кейін кім шығатыны, қандай эмоция берілуі, қай жерде интрига қалдыру керегі –  барлығы рейтингке тікелей әсер етеді. Бұл тұста режиссердің кәсібилігі де өте маңызды рөл атқарады.


Менің ойымша, бүгінгі қазақстандық көрерменге тек таза вокал жеткіліксіз. Әрине, сапалы дауыс маңызды, бірақ адамдар қазір эмоция, шынайылық, харизма іздейді. Яғни көрермен әнді ғана емес, адамның мінезін, тарихын, сахнадағы энергиясын көргісі келеді. Сондықтан қамергі тележобаларда шоу элементі мен психологиялық интрига да үлкен рөл атқарады. Бірақ ең маңыздысы –  бәрі шынайы болуы керек, жасанды көрінбеуі тиіс. Көрермен жасандылықты бірден сезеді.


Зерттеуші:


Франшиза және авторлық жобалардың «асханасы». Сіздің тәжірибеңізде «Интуиция» сияқты дайын халықаралық франшизалар да, отандық авторлық жобалар да болды. Редактор үшін шетелдік дайын форматты біздің менталитетке бейімдеп жазу қиын ба, әлде нөлден бастап төл туындымызды («Егіз лебіз», «Бәрекелді» т.б.) құрастыру қиын ба?


Респондент:


Иә, менің тәжірибемде халықаралық франшизалық жобалар да болды, мысалы, «Интуиция» секілді дайын форматтармен жұмыс істедім. Сонымен қатар отандық тележобалардың сценарийін жаздым. Жалпы редактор үшін шетелдік дайын форматпен жұмыс істеу, әрине, бір жағынан жеңілірек. Өйткені оның белгілі бір құрылымы, драматургиясы, жұмыс істеу механизмі әлемдік деңгейде алдын ала қалыптасып қойған. Сен сол дайын жүйенің ішінде жұмыс жасап, оны тек біздің аудиторияның менталитетіне бейімдейсің.


Ал ең қиыны әрі жауапкершілігі жоғарысы –  нөлден бастап авторлық жоба құрастыру. Мысалы, өзіміздің отандық жобалардың сценарийін жасау кезінде бүкіл структураны өзің ойлап табасың: бағдарламаның форматы қандай болады, динамикасы қалай жүреді, көрерменді немен ұстайсың –  бәрі сценарийден басталады.


Негізі телеарнадағы бүкіл команданың жұмысы сценарийге тікелей байланысты деп ойлаймын. Сырттан қарағанда эфирде тек жүргізуші мен қонақ көрінеді, бірақ оның артында үлкен механизм жұмыс істейді. Режиссердің де, редактордың да, түсірілім тобының да жұмысы сценарийдің негізінде құрылады. Тіпті бағдарламаның рейтингіне дейін сценарий әсер етеді. Сондықтан сценарийді жазғаннан кейін оны телеарна басшылығына, режиссерлерге ұсынып, бірнеше талқылаудан өткіземіз. Себебі бір жобаның тағдыры кейде дәл сол алғашқы қағаздағы идеядан басталады.


Зерттеуші:


Жаңа жылдық мега-шоулардың жауапкершілігі. Жаңа жылдық түнгі бағдарламалар – кез келген арнаның ең басты визит картасы. Бір мезетте бірнеше арнаның Жаңа жылдық шоуларының сценарийін жазу барысында контенттің бір-біріне ұқсап қалмауын, эксклюзивті болуын қалай қадағаладыңыздар? Мұндай ауқымды жобалардың негізгі редакторлық формуласы қандай?


Респондент:


Жаңа жылдық бағдарламалар қазақ телевизиясында 2000 жылдардан бері қарқынды дамып, бүгінде дәстүрге айналған ең ірі телевизиялық жобалардың бірі. Оның форматы мен жалпы құрылымы белгілі болғанымен, әр арнаның өзіндік стилі, көрерменмен байланыс тәсілі және шығармашылық қолтаңбасы бар.


Сондықтан бірнеше арнада қатар жұмыс істегеннің өзінде жобалардың бір-біріне ұқсап кетіп қалу қаупі аса үлкен мәселе емес. Себебі әрқайсысы алдын ала бекітілген форматқа, арнаның концепциясына және мақсатты аудиториясына қарай дербес бейімделеді.


Ал мұндай ауқымды жобалардың негізгі редакторлық формуласы – ең алдымен креатив пен кәсіби сауаттың үйлесімі. Яғни бұл тек сценарий жазу емес, Жаңа жылдық атмосфераны толық сезіндіре білу: әзіл, музыкалық нөмірлердің подводкасы (кіріспе сөздері), жүргізушілердің энергиясы –  бәрі бір ырғаққа түсуі керек. Көрермен экран алдында мерекелік көңіл-күйді сезінуі маңызды. Сол себепті әр элемент бір-бірімен үйлесіп, тұтас бір концептуалды шоу ретінде жұмыс істейді.


Зерттеуші:


Отандық музыкалық медиа-контенттің болашағы. Телевизия саласының ішкі „асханасын“ жақсы білетін маман ретінде айтыңызшы, алдағы уақытта қазақстандық музыкалық-ойын-сауық бағдарламалары қандай бағытта дамуы керек? Көрерменді жалықтырмас үшін жаңа қандай трендтерді немесе технологияларды енгізген дұрыс?


Респондент:


Менің ойымша, қазақстандық музыкалық-ойын-сауық бағдарламаларының дамуы ең алдымен көрерменмен тікелей байланысты (интерактивтілікті) күшейтуден басталуы керек. Қазір жай ғана бағдарлама түсіріп, эфирге бере салу жеткіліксіз. Көрермен не көргісі келетінін алдын ала маркетингтік тұрғыдан зерттеп, соған қарай өнім жасау маңызды.


Сондықтан жаңа жоба басталар алдында міндетті түрде интернет арқылы кері байланыс орнату керек деп есептеймін. Яғни әлеуметтік желілерде, онлайн платформаларда аудиториядан нақты пікір жинау, сауалнама жүргізу, қандай формат қызықтыратынын анықтау – бұл өте маңызды қадам. Осы арқылы тек өз ойымызбен емес, көрерменнің нақты сұранысымен де жұмыс істейміз.


Екінші бағыт –  телевидение мен интернеттің конвергенциясы, яғни бірігуі. Бағдарлама тек эфирде қалып қоймай, интернет кеңістігінде де өмір сүруі керек. Көрермен тек қарап отырмай, пікір айтып, әсер етіп, кейбір сценарийлік шешімдерге тікелей қатыса алатындай мүмкіндік болғаны дұрыс.


Үшіншіден, контентті әртүрлі форматқа бейімдеу керек. Бір үлкен бағдарлама ғана емес, одан қысқа, қызықты үзінділер жасап, оны да халыққа әлеуметтік желі арқылы тарату қажет. Сонда аудиторияны ұстап тұру оңай болады.


Жалпы айтқанда, болашақта табысты болатын жобалар – алдын ала көрерменмен сөйлесіп, олардың сұранысын ескеріп жасалған және интернет пен телевидение синергияда бірге жұмыс істейтін жобалар болады деп ойлаймын.


Телевидение – өз құндылығын ешқашан жоғалтпайтын, қоғамда орны дәлелденген мықты жүйе. Уақыт өзгерсе де, технология дамыса да, телевидениенің ақпарат жеткізу, мәдениет қалыптастыру және ортақ құндылықтарды көрсету жағынан маңызы әрдайым жоғары болып қала береді. Оның бағасы да, әлеуметтік жауапкершілігі де қашанда биік.


Сол себепті мен телевидениені әлсіздеп бара жатқан сала ретінде емес, керісінше қайта жаңғырып, жаңа деңгейге шығатын үлкен мүмкіндік деп көремін. Менің мақсатым –  осы саланы қайтадан бәрі көретін, қызығатын, прайм-таймда асыға күтетін деңгейге шығаратын жаңа форматтар жасауға үлес қосу. Телевидениені интернетпен, жаңа аудиторияның талғамымен байланыстырып, заманауи бағытта дамыту менің болашақтағы негізгі кәсіби мақсаттарымның бірі болып саналады.


Белгілі сценарист-редактор Ақбота Тұрашпен болған бұл ашық әрі кәсіби сұхбат отандық телевизияның ішкі «асханасын» тереңінен тануға мүмкіндік берді. Тәжірибелі маманның пайымдауынша, заманауи тележобалардың табысты болуы –  алдын ала көрерменнің нақты сұранысын зерттеумен, интернет пен телевидениенің синергиясын құрумен және ең бастысы, кадрдағы шынайылықты сақтаумен тікелей байланысты. Арзан хайп немесе жасанды интрига уақытша көрсеткіш әкелгенімен, тек сценарийлік тереңдік пен жоғары кәсіби сауат қана жобаның прайм-таймдағы ғұмырын ұзарта алады.


Уақыт өзгеріп, цифрлық технологиялар дамыса да, телевизия өзінің мәдениет қалыптастырушы және ортақ құндылықтарды дәріптеуші басты миссиясын ешқашан жоғалтпақ емес. Ақбота Тұраш сияқты өз ісіне ғашық шығармашылық мамандардың заманауи бағыттағы ізденістері отандық медиа-контенттің болашағы зор екенін және қазақ телевизиясының жаңа деңгейге нық қадам басып келе жатқанын айқын дәлелдейді.


 


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу