Өлеңдер ✍️
Киелі Торғайым-қасиетті ел
Торғайым-киелі өлкем, шұрай жерім,
Жазира кең даласы шырай белім.
Желменен жыр төгілген жондарында,
Сыр шертіп күлімдейді күн, ай, көгім.
Аққу-қаз айдын көлде әнге басқан,
Таң атса тіршілікті тербеп ашқан.
Шортаны терең суда бұлқынады,
Мөлдіреп көрінеді көлден аспан.
Қайырмасы:
Торғайым - қия көкке самғаған жер,
Ахмет, Ыбырайлар толғаған жер.
Бір уыс топырағына жанын беріп,
Кейкілер әрбір тасын қорғаған жер.
Торғайым - рухыменен мәңгі елім,
Тарихы, тағдырыңмен арлы елім.
Мекені үміт пенен қуаныштың,
Өзің деп тебіренген жан жүрегім.
•••. •••. •••
Туыпты бұл өлкеде сан дарындар,
Оятқан елдің рухын арлан ұлдар.
Ар намыс туын биік ұстап өткен,
Халқы үшін жанын берген тарлан ұлдар.
Бір туар Кенжеғали дара тұлға,
Ер еңселі ел үшін жаратылған.
Ғылым мен өнер, еңбек жолын жалғап,
Торғайдың түлеп ұшқан қанатында.
Ахметтер қалам алып жыр құраған,
Алайда осы күні мұңлы далам.
Құстар да үнсіз қалып кең далада,
Табиғат күрсінгендей тұнжыраған.
Құланның құлақ тоспай дүбіріне,
Даламның тынып қалған үні міне.
Адамның қолы тиіп киелі жер,
Тозғандай жетіп отыр бүгініме.
Табиғатпен біздің бір тағдырымыз,
Байлаулы даламызға әр күніміз.
Жүрегін қамқорлықпен қуаттайық,
Аялап жер ананы әрбіріміз.
Торғайдың тарих тұнған төбелері,
Ешқашан салты өлмейді өнегелі.
Рухын жанып кеткен даламыздың,
Кейкі мен Ыбырайдай егелері.
Торғайдай қадір тұтам бесігімді,
Тектілер қағады тек есігіңді
Жанашыр ұрпақтарың бар кезінде,
Ешқашан ұмытпайды ел есіміңді!
Қайырмасы:
Торғайым- қия көкке самғаған жер,
Ахмет, Ыбырайлар толғаған жер.
Бір уыс топырағына жанын беріп,
Кейкілер әрбір тасын қорғаған жер.
Торғайым- рухыменен мәңгі елім,
Тарихы, тағдырыңмен арлы елім.
Мекені үміт пенен қуаныштың,
Өзің деп тебіренген жан жүрегім.
Айтбек Рымбекұлы Әліпов,
Астана қ-ы, сәуір 2026ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇