31.03.2026
  52


Тіл тағдыры – ұлт тағдыры

Тіл – байланыс құралы десек қате емес. Алайда, әр ұлттың тілі бөлек, өзіндік таңбалары тәрізді. Сонысымен ол әр ұжымды ерекшелендіреді, болашаққа апарады.


Бірақ, тілдің күллі халықтың келешегіне берер қандай артықшылықтары бар?


 


Мемлекеттік тіліміз – ата–бабамыздан қалған жоғалмас мұра, ұлттық нақышымыз. Әрбір азамат пен азаматша Қазақстан Республикасында тұрып, мемлекеттік тілді біліп, оны насихаттап, қолдану керек дейді. Бұл – жай ғана ереже болғанымен, артында көп нәрсенің түсіндірмесі тұр. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», - десе, Мағжан Жұмабаев: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ», - деген екен. Бір ғасыр бұрын айтылған Алаш арыстарының бұл сөздері дәл бүгінгі заманның да тамыр бүлкілін дөп басып тұрғандай.


Мәселен, ұлт сөзінің түп астарын түсініп алу қажет. Ол өз мәдениетімен, тарихтағы оқиғасымен, дүниетанымымен «ұлт» деп аталады. Өзге ұлттармен қарым-қатынас жасай отырып, өз деңгейі мен намысын, тарихы мен дәстүрін сақтай отыра, болашаққа біртұтас мықты ұжым ретінде жетуге талпыныс жасау және өз деңгейін сақтау кезінде ғана ұлт құрымайды, және дәрежесі  мен мәртебесі жоғарылай түседі. Ал қазіргі кезде біздің ұлтты ерекшелендіретін қарапайым тіл құралымыз дұрыс қолданылмай жатыр.


Қазақстанда нақ осы тілді сақтай алмау мәселесі өте жоғары деңгейде қарастырылып жатыр. Тілге қатысты кез келген іс болмасын, оны жөндеу мақсатында заң аясы қатаңдап жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екенін айтқан болатын. Мәселен, Қостанай облысында 454 мектептің 112 сі ғана қазақ тілінде білім береді. 115 аралас мектепте қазақ сыныптары әлдеқайда аз. Біздің қаракөз балалар орыс мектептерінің 60 пайызын құрайды. Биылғы оқу жылында алғаш рет мектепке 10384 бала барады. Осы бүлдіршіндердің 70 пайыздан астамы орыс сыныптарына қабылданған, қазақ мектебіне баратындар – 29,1% (qagro.kz сайтынан алынған мәлімет.).


Тіл – халықтың алтын діңгегі, ұлттық санасының негізі, іргетасы, тектіліктің белгісі, қозғаушы күші. Ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы, рухани байлығы, баға жетпес құдіреті, қуатты қайнар бұлағы да тіл. Өкінішке қарай, тәуелсіз елмен бірге жасасып, құқықтық мемлекеттің қалыптасуында бірге  өріліп, қатар келе жатқан сот саласындағы мемлекеттік тілдің қолданысы көңілден шығады деп айту қиын. Тиімді реформалардың нәтижесінде тәуелсіз, ашық, қолжетімді, әділ, беделді құрылымға айналған сот билігінің қазақ тілін қажет тілге айналдыра  алмауының астары тереңде.


Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту - өз қолымызда.  Сондықтан, қазақ тілімізді өз жерімізде өгейсітпей, көркейтуге бет бұрар кез келді деген ойдамын.


 


                                                                            Томирис ӘЛИХАН


                                                                             Өскемен қаласы


                                                          Ш.Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейі


                                                                           10 - сынып оқушысы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу