Өлеңдер ✍️
Әкеме сағыныш
Әке… сен маған әке ғана болмадың,
жан жарамды үнсіз ғана ұғатын
ана болып маңдайымнан сипадың,
ұстаз болып өмір жолын нұсқадың.
Қоңыраудың сыңғыры да мұңайған,
сені іздейді сынып, парта, бір айнаң.
Шәкірттерің айтып жүреді әлі де:
«Ұстаз еді жүрегі кең, шын адам…»
Қара тақта, бордың жұпар иісі де
еске салар сенің жылы жүзіңді.
Талай бала сенен білім алыпты,
сол балалар жалғап жүр ғой ізіңді.
Таңдар атты сенің жылы сөзіңмен,
Күндер өтті сенің асыл төзіміңмен.
Мен құласам – демеу болып тұрдың сен,
Жүрегіме үміт жаққан өзің ең.
Әке… кейде үнсіз ғана ойланам,
Жанарыңды көргім келіп толғанам.
Сағынышым жүрегімде терең бір,
Жетпей қалған жылы сөзді жолдаған.
Сен үйреткен адалдық пен ақ жолың
Жүрегімде мәңгілікке сақталған.
Әке… сенің мейірімің – мәңгі шам,
Сөнбейді ол жүрегімде, жанымда.
Ана орнын басқан асыл әкемді
Сағынышпен сақтаймын мәңгі жадымда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇