Эсселер ✍️

  14.03.2026
  21


Менің өмірлік мақсатым

  Әр адамның өмірінде болашаққа жол көрсететін шамшырақ бар – ол оның арманы. Сол арман уақыт өте келе айқындалып, нақты мақсатқа айналады. Мен үшін өмірлік мақсат – тек өз бақытымды табу емес, айналама пайда тигізіп, қоғамға үлес қосу. Себебі адам өз өмірін ғана емес, өзгенің тағдырына тигізген ықпалымен де бағалы.
  Бала кезімнен армандаған дүниелерім көп болды. Бірде шәкірт тәрбиелейтін аяулы ұстаз болғым келсе, бірде адамдардың мәселесін шешуге атсалысатын қорғаушы болуды қаладым. Уақыт өте келе жүрегімнің қалауына құлақ түріп, нақты бір шешімге келдім. Менің өмірлік мақсатым – ақ пен қараның аражігін айыра алатын, халықтың сенімін арқалаған, әділдік жолында аянбай еңбек ететін журналист болу. Бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен терең білім мен табандылық қажет екенін жақсы түсінемін. Арман тек қиял күйінде қалмауы тиіс, ол нақты әрекетпен дәлелденуі керек. Әр күнімді бос өткізбей, кітап оқып, ой-өрісімді кеңейтіп, жазу машығымды жетілдіру – менің басты міндетім. Себебі бүгінгі еңбегім – ертеңгі жетістігімнің негізі. Сонымен қатар мен үшін адамгершілік құндылықтар бәрінен биік. Қандай дәрежеге жетсем де, қарапайымдылықты жоғалтпау, әділ болу, шындықты ту етіп ұстау – менің өмірлік қағидам. Журналист тек ақпарат таратушы емес, ол – қоғамның айнасы. Егер айна таза болса, қоғам да өз кемшілігін көріп, түзеле алады. Ал шынайы бақыт – атақта емес, халықтың сенімі мен алғысында.
  Қорыта айтқанда, менің өмірлік мақсатым – журналистика саласында елге қызмет ету, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, әділдікке үн қосу. Арманым мен мақсатым мені алға жетелейтін күш. Сол бағыттан таймай, табандылықпен еңбек етсем, болашағымнан зор үміт күтуге толық негіз бар деп сенемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу