Эсселер ✍️

  14.03.2026
  36


С.Сейфуллиннің “Сыр сандық” өлеңі

  Қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың бірі — Сәкен Сейфуллин. Ол — қазақ халқының рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан қоғам қайраткері әрі сыршыл ақын. Ақынның лирикалық өлеңдері адам жанының нәзік қылын тербеп, оқырманды терең ойға жетелейді. Оның шығармаларында адалдық, достық, сенім сияқты асыл қасиеттер ерекше дәріптеледі. Осындай мәні терең, тағылымы мол туындыларының бірі — “Сыр сандық” өлеңі.
  Бұл өлең сырт көзге қарапайым көрінгенімен, алғашқы шумағынан-ақ оқырманға терең ой салады. Ақын “Шырқ айналар шіркін тауық, жемің болса қолыңда” деп бастай отырып, пайда үшін ғана дос болатын адамдардың бейнесін шебер суреттейді. Бұл жолдар арқылы біз амал достық пен адал достықтың мәнін түсінеміз. Шыныменде қолыңда билігін не байлығын болса, жолдастарын көп секілді. Басына күн туғанда сол көптің бәрі жоғалады. Тек ішінде жан дүниенді терең ұғынатын, өзімшілдікті емес адамгершілікті бірінші орынға қоятын жандар қалады.
Сәкен Сейфуллин “Әр адамның ішкі сыры, берік қойма сақталған”,- дей келе, нағыз достарды берік қоймаға теңей отырып жеткізеді. Менің ойымша, адал достықтың ең басты қасиеті – сенім білдіре алу. Себебі, құпияны сақтай алу әркімнің қолынан келе бермейді. Ақын адалдық пен уақытша достықтың аражігін айыра жазып, шынайы достықтың қандай болмағын дәріптейді.
   Өзгеге мін таға бермей, өз бойыңда нағыз досқа тән қасиеттерді қалыптастыра білу — ізгі қасиет. Нағыз досқа тән қасиеттер деп адалдықты, құрметті, сыйластықты айтар едім. Қазақ халқының болмысында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани өсиет бар. Ол — достыққа беріктік, адалдық.
  Қорытындылай келе, Сәкен Сейфуллиннің “Сыр сандық”өлеңі — достықтың шынайы мәнін терең ашып көрсететін тағылымы мол шығарма. Ақын адам өміріндегі адал достықтың қадірін түсіндіріп, уақытша пайдаға негізделген қатынастардың баянсыз екенін бейнелі түрде жеткізеді. Өлең арқылы біз шынайы достың қиындықта танылатынын, ал жалған достықтың уақыт өте жоғалып кететінін аңғарамыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу