16.02.2026
  76


Автор: Зарина Талдыбаева

Әйел үні: Қазақстан мен әлемдегі теңдік үшін күрес

Зарина Талдыбаева Ғазизқызы, «Qadaz News» бас редакторы.

 




 




 


 


Әлемнің көптеген елдерінде 8 наурыз – әйелдердің халықаралық мерекесі ретінде кеңінен аталып өтеді. Көктемнің келуімен, Жер ананың қардан аршылып, күннің жылы сәулесі әлемге тарайтын сәті мерекенің символдық мәнін күшейтеді. Бұл күн әйелдердің тек аналық, отбасыдағы рөлі үшін емес, олардың қоғамдағы құқықтары мен мәртебесін атап өту күні ретінде де ерекше мәнге ие.


 


Қазақ қоғамында әйелді қадірлеу дәстүрі ғасырлар бойы қалыптасып, аналықты жоғары бағалау мен құрметтеу өмірлік қағидалардан саналған. Бүгінгі мақалада біз 8 наурыз мерекесінің шығу тарихына, әлемде әйел құқықтарын қорғау үшін жүргізілген күрестерге, сондай-ақ Қазақстандағы жағдайға жан-жақтытоқталамыз.


 


Әйелдердің құқықтарын қорғау жолындағы күрес


 


Адамзат тарихында матриархат пен патриархат кезеңдері белгілі. Алғашқы қоғамдарда әйелдердің рөлі едәуір маңызды болғанымен, ерлердің сыртқы қауіп-қатерлер мен аң аулау, қорғаныс сияқты міндеттері қоғамда басымдыққа ие болған сәттен бастап, патриархат үстемдік ете бастады. Бұл кезеңде әйелдер қоғамдағы екінші рөлге ығыстырылып, көбінесе үй шаруасымен айналысқан.


Тарих деректері соңғы патриархалды қоғам біздің заманымызға дейінгі 4 мыңыншы жылдары басталғанын көрсетеді. Сол кезден бастап әйел қауымы біртіндеп өз ықпалынан айырылып, қоғамдағы рөлін жоғалта бастады. Әйелдердің екінші сатыға түсуі олардың ерлерге қызметші ретінде қаралуына, санаспауы мен әлеуметтік теңсіздікке ұшырауына себеп болды. Полигамия, әйелдерді құлдыққа салу, олардың пікірін тыңдамау, қоғамдық іс-шараларға қатыстырмау және жыныстық зорлық-зомбылық сияқты құбылыстар әлемнің көптеген елдерінде байқалған.


 


Әйел құқықтарын қорғау бағытындағы алғашқы әрекеттер XIII ғасырда басталғанымен, олар жүйелі түрде Фрaнцуз революциясынан кейін көрініс тапты. Мэри Уолстонкрафт 1792 жылы жарық көрген «Әйел құқығын дәлелдеу: саяси және моральдық тақырыптарға қаталдықтар» атты еңбегінде әйелдердің білім алу қажеттілігі мен ерлермен тең құқыққа ие болуын насихаттаған. Бұл еңбек феминистік философияның алғашқы маңызды шығармаларының бірі болып саналады


 


1793 жылы фрaнцуз жазушысы Олимпия де Гуж дайындаған «Әйел азаматтардың құқықтары туралы декларация» Ұлттық конвент тарапынан қабылданбағанымен, әйел құқықтарын қорғау қозғалысының қарқын алуына зор ықпал етті. Ол ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікті жария түрде бекітуді ұсынды, бірақ бұл идея сол заманда қабылданды.


 

 


Жыныстық теңдік және құқықтар декларациясы


 


XIX ғасырда АҚШ-та әйелдер еңбек жағдайларын жақсарту үшін күресіп, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді. Мысалы, өндіріс орындарында әйелдер көбінесе тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, еңбек заңдары олардың құқықтарын толық қорғаған жоқ. 1857 жылы 8 наурызда Нью-Йорк қаласында мыңдаған әйел фабрикалық жұмысшылар жаппай ереуілге шығып, 10 сағаттық жұмыс күнін бекіту, жарық бөлмелермен қамтамасыз ету және ерлермен тең жалақы алу талаптарын қойды.


 


Бұл оқиға әйелдердің қоғамдық және саяси құқықтары үшін күресте ерекше мәнге ие болды. Әйелдер Манхеттен көшелерінде темір ыдыстар мен ас құралдарын сылдырлатып, өз талаптарын жұртқа паш етті. Ағылшын және американдық баспасөз бұл ереуілді «Бос ыдыс шеруі» деп атаған. Осы оқиғадан кейін 8 наурыз әйел құқықтарын талап етудің символдық күніне айналды.


 


1910 жылы Дания астанасы Копенгагенде өткен Екінші халықаралық жұмысшы әйелдер конференциясында Клара Цеткин халықаралық әйелдер күнін белгілеуді ұсынды. 1911 жылдан бастап бұл мереке Еуропа елдерінде, кейіннен бүкіл әлемде, соның ішінде Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстанда да аталып өтіле бастады.


 


Бүгінгі таңда көптеген елдерде әйелдердің құқықтарын қорғау заңнамалық деңгейде қамтамасыз етілген. Соған қарамастан, гендерлік теңсіздік мәселелері әлі де сақталып отыр. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде әйелдердің табысы ерлерге қарағанда төмен, ал басқару және саясат саласында олардың үлесі жеткіліксіз.


 


Қазақ дәстүрінде ата-ананы сыйлау, қыз баланы құрметтеу сынды қағидалар өмірлік тәжірибе арқылы қалыптасқан. Әйелдерге арналған арнайы мереке болмаса да, сыйластық пен құрмет көрсету дәстүрі күнделікті өмірде жалғасқан. Дегенмен тарихта полигамия және қызды келісімсіз ұзату сияқты жағдайлар әйел құқығын таптау мысалы ретінде кездескен.


 


Қазақстанда заң жүзінде әйелдердің құқықтары қорғалған. Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия арқылы гендерлік саясат жүргізіліп, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүзеге асырылады.


2009 жылы қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары және тең мүмкіндіктері туралы» заң, 2006–2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасы әйел құқықтарын қорғауды жүйелі түрде қамтамасыз етеді.


 


Жаңа тұжырымдама бойынша әйелдердің шешім қабылдау деңгейінде үлесін арттыру, гендерлік кемсітушіліктің барлық түрін жою, экономикалық және әлеуметтік құқықтарды тең қолдануды қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, гендерлік стереотиптерді жою қарастырылған. Сонымен қатар, әйелдердің экономикаға араласуы, кәсіпкерлігін дамыту және ауылдық жерлерде қолдау көрсету шаралары да белгіленген.


 


 


 


 


 


 


 

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында (фото: Тоқаевтың баспасөз қызметі)


 


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен парламент пен жергілікті мәслихаттарда әйелдер мен жастардың өкілдігі 30%-ға жеткізілді. Бұл қадам гендерлік теңдікті нығайту мен әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған маңызды шара болып отыр.


Дегенмен, гендерлік теңдік тек заңдармен ғана шектелмейді. Бұл – қоғамның көзқарасы, мәдениеті, тарихи дәстүрлері мен әлеуметтік құрылымына байланысты күрделі әрі көпқырлы үдеріс. Заңдар әйелдердің құқықтарын қорғаудың негізгі құралы болса да, нақты өмірде олардың толық іске асуы үшін қоғамдық сана мен әлеуметтік қатынастардың түбегейлі өзгеруі қажет. Әйелдер мен ерлердің тең мүмкіндіктерге ие болуы тек қана формалды құқықтық нормалармен шектелмей, білім беру жүйесінде, еңбек нарығында, саясат пен кәсіпкерлікте, сондай-ақ үй шаруашылығы мен отбасы өмірінде көрініс табуы тиіс. Сонымен қатар, стереотиптер мен гендерлік дискриминацияны жою, әйелдердің кәсіби өсуіне, саяси және қоғамдық белсенділігіне жағдай жасау қоғамның дамуы мен әділеттілігінің маңызды факторы болып табылады.


 


 


Қорытынды: Гендерлік теңдік әділетті қоғамның кепілі. 


Әйелдер құқықтары мәселесі өзектілігін ешқашан жоғалтқан жоқ. Қазақстанда бұл бағытта оң өзгерістер байқалғанымен, толық теңдікке жету үшін жүйелі, жоспарлы және көпқырлы жұмыс жалғасуы тиіс. Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту – әділетті, тұрақты және дамыған қоғам қалыптастырудың маңызды шарты. Бұл тек құқықтық міндет емес, сонымен қатар мәдени, әлеуметтік және экономикалық жауапкершілік болып табылады. Әрбір азаматтың, ұйымның және мемлекеттің әйелдер мен ерлердің тең құқылы болуына атсалысуы – қоғамдағы тұрақтылық пен өркендеудің кепілі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу