Эсселер ✍️
Қоғам әлі шатастырып жүрген үштік: маркетинг, жарнама, PR
Біздің қоғамда бір қызық құбылыс бар: адамдар маркетинг, жарнама және PR деген үш түрлі саланы бір қазанға сала салып, “ақыры пісіп шығады” деп оңды-солды қарап жатады. Біреу пост жазсақ – маркетинг дейді. Журналистермен сөйлессек – жарнама дейді. Тіпті компанияның аты дүркірей бастаса – «бәрін пиар істеп жатыр» деп ойлайды. Турасына келсек, бұл үш саланың мақсаты үш түрлі.
PR – компанияның қоғам алдындағы бет-бейнесі.
Бет-бейне дегеніміз көшедегі ілініп тұрған баннер, плакаттар емес. Оларды негізінен жарнама көздері деп атаймыз. PR-ды ол жарнамамен теңестіру – әр сурет салатын адамды «мүсінші шығар» дегенмен тең.
PR нақты не істейді?
- Беделді қалыптастырады.
Компания туралы қоғам не ойлайтынын басқару PR-дың қолында.
- Сенім құрады.
Адамдар брэндке неге сенеді? Себебі PR оның шынайы бет-бейнесін дұрыс көрсетумен жұмыс жасап жатыр.
- Дағдарыс коммуникациясын жүргізеді.
Компания қателесті ме? Оғаш жаңалық шықты ма? Қоғам “өртеніп” жатыр ма? PR сол өртті болдырмау үшін алдын-ала дайындалатын маман.
- Медиамен байланыс құрады.
Журналистерге ақпаратты қалай беру керек, қалай сөйлесу керек – осының бәрін PR реттейді.
- Компанияның құндылықтарын түсіндіреді.
PR тек жаңалық тарату емес, компанияның миссиясын қоғамға жеткізу.
- Ішкі коммуникацияны күшейтеді.
Қызметкерлердің компанияға деген көзқарасы сыртқы репутацияның алғашқы қадамы.
Маркетинг пен PR-дың түбегейлі айырмашылығы
Маркетинг – бұл тек «сатып алғызу» емес.
Маркетинг – тұтынушыны зерттеп, оның мұқтажын түсініп, өнімді соған сай етіп қалыптастыратын кешенді стратегия. Ол тек жарнамаға сүйенбейді. Маркетинг – өнімнің дизайнынан бастап, бағасына, сатылым каналына, тіпті клиенттің қандай эмоциямен кететініне дейін жауап береді. Ең маңыздысы: маркетинг сандармен сөйлейтін сала. Онда эмоция жайына қалады, қоғамды дерек басқарады. Сол себепті маркетинг жоқ жерде брендті басқару жоқ.
Стратегия жоқ жерде тұрақты сату жоқ.
Жарнама – назар үшін күрес
Жарнама брендтің «сөз сөйлейтін» сәті. Оның міндеті – бір сәтте назар аударту, есте қалу, әрекетке итермелеу.
Жарнама – қысқа формат.
Ол шақырады, визуал жасайды, есте қалатын фразалармен жұмыс істейді.
Жарнама – уақытша.
Бюджет тоқтады, демек науқан да жоғалады деген сөз.
Десек те, жақсы жарнама тек маркетинг дұрыс құрылғанда ғана жұмыс істейді.
Ал жарнамаға сенім PR арқылы ғана қалыптасады.
Маркетинг, жарнама және PR – бір бағытқа қарай жүретін, бірақ әрқайсысы өз жолымен қозғалатын үш түрлі күш. Жарнама арқылы назар аудартылады, маркетингке сүйеніп шешім қабылданады, ал PR осының бәріне сенім мен мағына береді.
Сенімсіз жарнама – артық шу ғана.
Сенімсіз маркетинг – бос уәде.
Сенімсіз бренд ұзаққа бара алмайды.
Қоғам үшін осы үш саланың ара жігін түсіну – тек теория емес, ақпараттық мәдениеттің бір бөлігі. Жұмысы байқалмайтын, бірақ нәтижесі барлық жерде көрінетін саланың құнын бәріміз бағалауымыз қажет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇