Өлеңдер ✍️
Қос долана
Мынау ауыл менің өскен ауылым,
Тұрып жатыр мұнда туыс -бауырым.
Балалықпен кетіп едім ертерек,
Сағыныппын бірге өскен қауымын.
Өскен жерім маған ыстық, сеземін,
Жасаушы едік қиын илеп, тезегін.
Осында өткен менің балғын сәттерім,
Анау өзен- мен шомылған өзенім.
Анау қырда бағып қойдың кезегін,
Деуші едім-ау ыстығына төземін.
Білім қуып кеттім сосын қалаға,
Жалғастырып тіршіліктің өзегін.
Үлкендерге сәлем беріп алдымен,
Бөлісетін ағайындар барды тең.
Жаздыңгүні ерте бізді оятып,
Шөп шабуға жіберетін шалғымен.
Сиыр сауып, құрт жаятын өреге,
Қайран жастық, енді қайтып келе ме?
Қозы бағып, ойынымыз қанбайтын,
Қос долана, өсіп тұрған төбеде.
Үлкейіпті, қазір ауыл өзгерген,
Азайыпты қатарласым көз көрген.
Жеңгелер де көрінбейді баяғы,
Қалжыңдасып қағытатын сөздермен.
Шыққан едім мен де осы ортадан,
Кимесем де жібек шапан торқадан.
Араласу азайған ба, білмеймін,
Шарбақтарын таспен қалап, қоршаған.
Ұрпақтардың үндескендей жалғасы,
Ашық - шашық жатушы еді ауласы.
Өз бақшаңда пісіп тұрған алмадан,
Тәтті екен-ау көрішіміздің алмасы.
Таң ертемен малды айдап өріске,
Доп ойнаушы ек Тассайдағы тегісте.
Кешке қарай күтетінбіз алдынан,
Түспесін деп егіп қойған егіске.
Балалықтың естелігі бітер ме?!
Бөтелке алып өткізуші ек дүкенге.
Жалаң аяқ қарамастан доп қудық,
Табанға да кірген қара тікенге.
Болушы еді оқалақтың жаманы,
Түс кезінде алушы еді мазаны.
Алдыға сап қуатынбыз жан-жақтан,
Су бойына үйездетіп паданы.
Есек көкпар ойнайтынбыз арада,
Ондай кезде жарақат сыз бола ма?!
Үйге қарай қайтатынбыз ақсаңдап,
Топырақты себе салып жараға.
Күн шықпастан тұрғызатын төсектен,
Үйде күбі пісетінбіз кезекпен.
Анам марқұм нан жабатын табаға,
Қап арқалап теріп келген тезекпен.
Жастық шақты есіме алып ойланып,
Өткеніме тұрғандаймын байланып.
Ыстық нанға майды жағып беретін,
Дегендейін жүрсін ішің майланып.
Қабылдаған ақын бала деп мені,
Осы ауыл балалықтың мектебі.
Қос долана төбеде тұр жайқалған,
Қайтарылмас жастық шақтың көктемі.
***
Мектебіміз сегіз жылдық болатын,
Дәл тоғызда қоңырауын соғатын.
Сол мектепте өсіп- өнген шәкірттер,
Бұл күндері кеңге жайған қанатын.
Осы мектеп бұғананы бекітті,
Балғын сәттер, солай қызық өтіпті.
Алғаш бізге сабақ берген ұстаздар,
Бұл күндері бақилық боп кетіпті.
Жанымызда болушы еді алма-бау,
Мүмкін емес алмаларын ұрламау.
Тып-типыл боп орны ғана қалыпты.
Біреулерге орны керек болған-ау!
Балалықтың түскен жері додаға,
Ұмытуға, сірә, оны бола ма?!
Жастығымның куәсіндей бұрынғы,
Сол төбеде өсіп тұр қос долана…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter