Өлеңдер ✍️

  20.11.2025
  1332


Автор: Омархан Алтынбекұлы

Көктем кереметтері

 


Көктем кандай керемет, тіршілікке нәр берген,
Құстар ұшып сайрайды, біз мұндалап әр жерден.
Бәйшешектер қылтиып, кар астынан сығалап,
Ансамбль боп барлығы, Жер -Анаға сән берген.


Кереметі көктемнің осы шығар бір бақыт,
Тіршілікке әр беріп, табиғатты жырлатып.
Жаңа өмірге әкелген, ұрпағымен куанып,
Жер-Ана да бусанып, жаткандай-ау толғатып.


Жылдың басын растап, алмайтындай бір тыным,
Жарып жатыр қуанып, ағаштар да бүршігін.
Көк аспан да жадырап, нұрын төгіп төбеден,
Қуанышқа ортақ боп , ашқандай ма бір сырын?!


Күн менен түн теңесіп, Әз-Наурызым оралды,
Сай-саладан су болып, қар да еріп, жоғалды.
Өмір мәнін білдіріп, қарлығаш сап ұясын,
Дегендей ме көктемде, бар тіршілік жаралды !?


Күн күркіреп аспанда, найзағайын ойнатып,
Жылдың басы келді деп, Наурыз тойын тойлатып.
Төрт түлікті төлдетіп, мал жайылып өрісте,
Құлпырады Жер -Ана жауқазынын жайнатып.


Қыстан шығып, көктемге аман-есен жеткенін,
Қауқылдасып карттар жүр, есіне алып өткенін,
Өзгеше бір күйге енген, кереметі көктемнің.
Далам жатыр куанып, киіп жасыл шекпенін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу