Өлеңдер ✍️

  16.11.2025
  477


Ана

Мағынасыз күндермен ағылатын,
Қу тірліктен кей-кейде жалығатын,
Сол сәттерде суретін қолына алып
Ол біреуді өлердей сағынатын.


 


Ол кеткелі көңілден қызық кеткен,
(Маңдайына тереңдеу сызық біткен).
Өміріне өшігіп өкпелейді
Бойтұмарын қапыда жұлып кеткен.


 


Қайтармайды ажал-құс бір ілгенде,
Кешігесің қос жеңің түрілгенде.
Жасаймын деп бәрінде жігіт отыр,
Анам егер қайтадан тірілгенде.


 


Пендеге де кез келер жуаситын,
Жүре бермес жетектеп қу бас итін.
Құдық жаққа бүгін ол барып қайтты
Ана байғұс күйбеңдеп су таситын.


 


Ана көрсең ардақта, сыйын адам,
Ондай бақыт жаманға бұйырмаған.
...Қақ жарылып еденде астау жатыр,
Ырысы мен несібе жиылмаған.


 


Жігіт отыр көз-мұңын мөлдіретіп,
Азабына жан-тәнін селдіретіп.
Елестейді аспанда ана рухы
Ақ бұлттардан жаулығын желбіретіп.


 


Көзін ілсе анасы түсіне енді,
Сағынышын, аңсарын түсінеді.
Ұйқысынан жігітті оятқандай
Жетім құлын үйірден кісінеді.


 


Сағынышы сәт сайын жанданады,
Тар бөлменің төрінде сандалады.
Жел жетектеп керекке апарардай,
Шығып кетті бетке алып паң даланы.


 


Паң даланың күркірі құлаққа ұрды,
Ол Тәңірден анасын сұрап тұрды.
Өлілердің ішінде жалғыз Жанды,
Құлпытасқа сүйеніп жылап тұрды.


PS.
Жоғалтасың осылай сабырыңды.
Жігіт тұрды аймалап қабіріңді.
Көк тиын ғой – көл-көсір көздің жасы,
Тіріңізде білмесе қадіріңді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Каусар
Каусар 17.11.2025 19:29
Абайдын олендеры кыска олендеры

Пікір жазу