Өлеңдер ✍️
Ғашықтарға айналайық екеуміз.
Жүрегімнен төгіп саған жырымды,
Өлеңменен жеткізейін сырымды.
Ғашықтарға айналайық екеуміз,
Естай менен Қорландардай бұрынғы.
Бізді бәрі ғашықтар деп атапты,
Жүрек сенсіз шығарады шатақты.
Ғашықтарға айналайық екеуміз,
Ләйлі менен Мәжнүндейін атақты.
Байқалатын махаббатта кеңдігі,
Сезім сырын ұғып алшы ендігі.
Ғашықтарға айналайық екеуміз,
Еңлік пенен Кебек сынды белгілі.
Бізге ғашық мына әлемнің ай, күні,
Махаббатсыз өтсе дағы жәй күні.
Ғашықтарға айналайық екеуміз,
Күлше қызбен Назымбектей әйгілі.
Жүрегіме сезім жебе кезелді,
Содан бері серілігім тежелді.
Ғашықтарға айналайық екеуміз,
Қалқаманмен Мамыр қыздай ежелгі.
Мендік сезім саған құшақ жаяды,
Жүрек сенсіз өртенуге таяды.
Ғашықтарға айналайық екеуміз,
Төлеген мен Қыз Жібектей баяғы.
Біздің сезім болсыншы тек тұрақты,
Демейікші жанардан жас жиі ақты.
Ғашықтарға айналайық екеуміз,
Қозы Көрпеш, Баян Сұлу сияқты.
©Камал Ұзақ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇