Әңгімелер ✍️
Еркіндік жолындағы ерлік
2025 жылдың желтоқсанында Астана көшелерін көк, сары түсті тулар мен "Тәуелсіздік — мәңгілік елдің тұғыры!" деген жазулар безендіріп тұрды.
Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті Арман кітапханаға қарай асығып келе жатты. Ертең Тәуелсіздік күніне арналған ғылыми конференцияда баяндама жасайды. Тақырыбы — "1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы".
Кітапхана ішінде тыныштық орнаған. Арман архив сөрелерінен сарғайған газет тауып алды. Тақырыпта: "Желтоқсан – ерліктің бастауы" деп жазылыпты.
Газеттің бетінде бір дақ бар еді. Сол даққа қолы тиген сәтте кенет көз алдында жарық жарқ етті де, айнала тұманға айналды.
Көзін ашса — Алматының ортасында тұр екен. Айналада мыңдаған жастар "Колбин кетсін!", "Қазақстан — қазақтардікі!", "Теңдік! Тәуелсіздік!" деп айқайлап, ұрандатып тұр. Аяз беттерін қарығанмен,тайсалмай қарсылық көрсетуде.
Арман алғашында: "Түс көріп тұрмын ба?"— деп ойлады. Бірақ бәрі шынайы еді. Бір жігіт оның иығынан ұстап:
— Бауырым, қорықпа! Біз еліміздің намысын қорғап тұрмыз! — деді.
Арман оның көзіне қарады — жалын бар, намыс бар.
Сол сәтте колонна қозғалып, ұрандар күшейе түсті. Милиция келіп, жастарды қоршай бастады. Айқай, шу, су шашу, дубинка… Арман сол сәттің қаншалықты ауыр екенін жүрегімен сезінді.
Ол бір қызды қорғап қалмақ болып, итеріліп кетті де, басы айналып, жерге құлап түсті.
Көзін ашқанда — ЕҰУ кітапханасында отыр. Қасында баяғы сарғайған газет, бірақ енді оның төменгі жағында жаңа жазу пайда болыпты:
"1986 – 1991. Біз жеттік. Тәуелсіздікке жол ашылды!"
Арман аң-таң болды. Бірақ жүрегі бұрынғыдан өзгеше дүрсілдеп тұрды. Ол енді жай студент емес еді — Тәуелсіздік үшін күресті өз көзімен көрген куәгер іспетті.
Келесі күні конференцияда баяндама жасағанда ол мүлде басқа сөздер айтты:
"Тәуелсіздік бізге жай мереке емес. Ол — ұлттың көз жасы мен үміті. 1986 жылғы жастардың батырлығы болмаса, біз бүгін бұл залда Тәуелсіз елдің студенті болып отырмас едік."
Аудитория тына қалды. Арманның сөзі студенттердің жүрегіне жетті.
Ол сол сәтте бір нәрсені анық түсінді: Тарих — өткеннің ізі ғана емес, болашаққа аманат.
Батырханова Назерке Ертайқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇