24.10.2025
  316


Автор: Назерке Батырханова

Ана

Жер-ана қыстың ызғарынан арылып, көктемнің шуағына бөленгенде, бүкіл тіршілік қайта жанданады. Дәл осы табиғаттың оянып, жаңа өмірдің басталар шағында біз аналарымыздың төл мерекесін атап өтеміз.Ана – баласының бірінші жұлдызы, ол баласына жол көрсететін шамшырақ. Баласына өмірінің алғашқы күнінен бастап қамқор болып, " қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай" дұрыс жолға бағыттайды.Қазақ халқы үшін ана – ең қастерлі тұлға. "Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызын өтей алмайсың" деген сөздің өзі ананың орны қаншалықты жоғары екенін білдіреді. Өкінішке қарай, кейбір жастар үшін бұл құндылықтар өз маңызын жоғалтып барады. Олар ананың ақ сүтін, төккен терін, өмірін арнаған еңбегін бағаламай, оны уақытша дүние-мүлікпен теңестіреді. "Анаңызды 1 млн долларға алмастыра аласыз ба?-Иә,ол түптің түбінде өмірден өтеді ғой" деген қатқыл жауап "Ата-анан ауру болса байлап бақ" қағидасымен өмір сүретін мен үшін бұл сөздер құлаққа жағымсыз естілді .Тоғыз ай он күн құрсағында көтеріп,түн ұйқысын төрт бөліп , перзентінің амандығын тілеген ананың қадірі кеткені ме?Ана-отбасының шамшырағы ,берекесі емес пе? Ол тек балаға ғана емес, бүкіл отбасына мейірімін төгеді. "Анасыз үй - қаңыраған қуыс ,жылусыз мекен".Ананың махаббаты шексіз және ешқашан сөнбейді. Ол баласын қандай жағдай болмасын жақсы көреді, кешіреді, түсінеді. Қазақтың қай ақыны болмасын, анаға арнап өлең жазған. Себебі ана – әр адамның өміріндегі ең қымбат жан. Жүсіп Баласағұн: "Анаңа қанша жақсылық жасасаң да, оның ақ сүтін өтей алмайсың," – деп бекер айтпаған. Шындығында, анасының алдында перзенттің қарызы шексіз.Біз ананы тек мерекеде ғана емес, әр күні құрметтеуіміз керек. Ол үшін көп нәрсе қажет емес – жылы сөз айтып, көңілін аулап, мейірім танытсақ, ананың жаны жай тауып, жүзінен күлкі кетпейді.Бүгін олар бізге қамқор, ертең біз оларға қорған болуымыз қажет. Анамыздың қадірін кеш болмай тұрып білейік!


Батырханова Назерке 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу