Өлеңдер ✍️

  17.07.2025
  202


Автор: Самрат Құскенов

ЖЕЗҚАЗҒАН

 


Шаһарым, халық құтын жерден терген,
Ақ адал нанын төккен терден берген.
Мейманмын, сенде жатқан Жошы ханның
Ұрпағы жатыр деген елден келген.


Келген соң бес күн жалған базарына,
Ілген жөн жер тарихын назарыңа.
Қаланың керегесі деп ұққан соң
Бас сұқтым Алаша хан мазарына.


Жатсыну бола қоймас шын дарында,
Өзгенің елемедім сындарын да.
Қолдаса Қайып, Талмас рухтарымен,
Рухтанып тұрам өнер шыңдарында.


Санама қондырмасам ақылды еппен,
Ізденбей өткен күнде ақым кеткен.
Ұлытау бөктерінде тыныстаған
Ерлікпен өлген Ерден батыр неткен.


Заманның елемеймін жаңаларын,
Білемін ойсыздардың шамаларын.
Тойтарыс бере аламын, аруағымен
Жебесе Жұбан, Болған аналарым.


Тұрғанда қаңырығы қаңсап елдің,
Жал-жая жеген байды жаңсақ көрдім.
Жусанның отыз түрін ем болар деп,
Бейбарыс бабам құсап аңсап келдім,


Қарасам айналама еппен бағып,
Көпшілге келмейді екен шеттен қауіп,
«Гауһартас» әнін шырқап кең далада,
Сегіздің жарқын сәті өткені анық.


Көп салып қияндарға көз қиығын,
Өлеңнен таба білген өз биігін.
Жерлесім Кәкімбектің ізін қудым,
Жыр еткен жезді өлкенің «Жезкиігін».


Айтылса оқиғалар елде болған,
Тарихтың деректері ерге қорған.
Ғарышқа Байқоңырдан ұшқандар да,
Табаны саған тиіп, жерге қонған.


Тап болдым қара жердің мақпалына,
Қайдан кір жұқтырайын ақ арыма.
Қарқынды дамып жатса өндірісің,
Иландым басқа қонар бақ барына.


Болған соң бар ғаламға мысың – дастан,
Зілдей боп тұрғанды да мысың басқан.
Ғылымда зеректігің алға шықса,
Ғұмырда шахтерлермен күшің асқан.


Жезқазған, ұлт бағындай байқаласың,
Қызығып, тас төбеңнен ай қарасын.
Менделеев кестесінің жүз пайызын
Қойнына алып жатқан бай қаласың.


Тектінің жөнін білген маржан далам,
Кезің жоқ ұлы жолда арзандаған.
Байырғы атауыңда үлкен мән бар,
Ежелден сыр ұқтырса Ақжал қалам.


Тектілік тербетілген бесігінде
Аймақтың құт жатады есігінде.
Зердеме тоқып жер-су атауларын,
Сезбедім жолдың шұрық-тесігін де.


Ешкім жоқ тарихыңды түгендеген,
Қоғамда ойын бар ғой шүген деген.
Көненің көзі боп тұр көшелерің,
Ойымды абзал болар жүгендеген.
©Самрат Құскенов 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу