Эсселер ✍️

  10.07.2025
  123


Ұлттық бірыңғай тестілеу: Қоғам көзқарасы және қазіргі жағдай

Жыл сайын мыңдаған қазақстандық түлектер үшін көктем мен жаз айлары ерекше толғанысқа толы үміт пен арманның астасқан уақыты. Себебі Ұлттық бірыңғай тестілеу маусымы басталады. Осы кезеңде ата-ананың тақымын қысатын, ал жас түлектің 11 жыл оқыған білімінің нәтижесін көрсетер аламан бәйгеге түсетін кезі. Ал ҰБТ — мектеп бітіретін оқушылар үшін ғана емес, жалпы білім жүйесінің айнасы іспетті ұлттық деңгейдегі маңызды емтихан. Алайда, бұл тестілеу жүйесіне деген қоғам пікірі әртүрлі.


ҰБТ деген не? ҰБТ — бұл мектеп бітірушілердің орта білімді қаншалықты меңгергенін бағалайтын және жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін стандартталған емтихан. Ол алғаш рет 2004 жылы енгізілген болатын. Бастапқыда оның мақсаты – мектеп бітіру мен ЖОО-ға түсу процесін біріктіріп, әділ әрі ашық формат жасау еді. Жылдар өте келе, ҰБТ форматы бірнеше рет өзгертіліп, бүгінгі таңда электронды түрде өткізіледі және түлекке бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі берілген.


Көпшілік мамандар мен ата-аналар ҰБТ-ны әділ әрі баршаға тең мүмкіндік беретін жүйе ретінде қолдайды. Әсіресе шалғай ауылдан шыққан дарынды жастар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Білім деңгейіне қарай грант иесі атанып, қалаған мамандығына түсу – әр оқушының арманы. Сонымен қатар, қоғамда ҰБТ-ға қатысты сын-пікірлер де аз емес. Кейбір ата-аналар мен психологтар бұл тест оқушыларға психологиялық қысым жасайды, шығармашылықты емес, жаттап алуды алға қояды деп есептейді.


Көптеген оқушылар “ҰБТ-да сәл қателессең, армандаған мамандыққа грантқа түсу мүмкіндігінген айырылып қаласың. Бұл өте үлкен стресс. Бір сынақпен бүкіл болашағың шешіледі деген дұрыс емес сияқты.” - дейді.


Ал психолог мамандар: “ҰБТ оқушының тек академиялық білімін емес, психологиялық төзімділігін де сынайды. Бірақ көп жағдайда балалар өзін кінәлі сезініп, күйзеліске ұшырайды. Бұл жүйеде қолдау көбірек қажет.” – дегенді алға тартады.


Алайда қазіргі кезде ҰБТ форматы жеңілдеп, бір жылда бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі берілген. Бұл жүйе оқушыларға бұрынғыдай бір ғана мүмкіндікпен шектеліп қалмай, өз білімін бірнеше рет сынап көруге жол ашты. Түлектер қаңтар айы мен наурыз, сәуір айларында өздерінің білім деңгейлерін сынап ҰБТ тапсырып көрді. Бұл түлектер үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау деп білем. Алда әлі екі рет тапсыру мүмкіндігі бар. Сондықтан түлектер өздерінің олқы түсіп тұрған білімдерін шыңдап, жіберген қателіктермен жұмыс істеу мүмкіндігін алады.


ҰБТ жас түлек үшін болашақ өмірге деген жаңа қадам болса, ата-аналар үшін үмітінің ақталар уақыты. Биылғы ҰБТ-да нағыз білімділер жеңіске жетіп, еліміздің дамуына үлес қосар білімді де білікті, бәсекеге қабілеті мамандар шықатынына сенімім зор. Сыныптастарыма білім бәйгесінде оза шауып, армандаған оқуларына түсуіне тілектеспін!


 


Дарханқызы Айгиза




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу