Қазақ халқы ежелден «бағың ашылсын», «бақ жана ма, бап шаба ма?» – деп, баласына жастайынан бері бар жақсылығын тілейді. Алла Тағала да өзінің адал еңбегін істеген жанға бақ сыйлайды деп сенеміз. Алматы қаласының 14 жасар тұрғыны Нұржол Алмас та сондай ізгі жолды таңдап, болашағын өзінің отансүйгіштігінің арқасында жарқын ете түсті.
Әдеттегідей мектептен соң Көк базарға келетін Нұржол – магнит сатумен айналысатын қарапайым ғана жасөспірім. Алайда, осы қарапайым іске де үлкен жүрек пен намыс сыйған. Бірде шетелдік турист оған магниттерді қызыға таңдап, бағасын сұраған сәтте арада аудармашы құрал жоқ болса да, Нұржол кем-кетігінен табылып, ағылшын және орыс сөздерін араластыра отырып тұшымды сөйлескен. Турист оған алғысын білдіріп, сыйластық танытып «Спасибо» дескенде Нұржол
— «No spasibo, rahmet!»,– деп қазақы жауап қайтарды. Осы сәтті турист өзінің блогы ретінде камераға түсіріп алып, Тик Ток желісіне жүктеген. Желі қолданушылары Нұржолдың сөз тартымдылығы арқылы бала кезінен ұлттық тілді құрметтеудің үлгісін көрсетіп, ерлік танытты деп есептеп, жас баланы қолдауда.
Нұржолдың екі минутқа жетер жетпес видеосы оның талапшылдығы мен терең білімінің көрінісі ғана емес, басында бармақтай бағының да бар екенін дәлелдеді. Оны «Қызық times» ток-шоуы Астана төріне қонаққа шақырып, оның осындай өжеттілігі мен отансүйгіштігін күллі қазақ балаларына үндеді. Осы бір сәттің арты жүрекжарды жаңалыққа ұласты. Нұржол Алматыдағы KAU университетінің атынан екі грантқа ие болды. Бірінші гранты – әлемге әйгілі Швейцария еліндегі университеттердің біріне болса, енді бірі Алматы қаласындағы Қазақ Америка Универститетінің студенті атануға мүмкіндік беретін грант.
Нұржолдың басынан өткен бұл оқиға — тек жеке жетістігі емес, бұл–Нұржолдың ата-анасының баласына берген саналы тәрбиесінің көрінісі. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін ұмытпауымыз қажет. Нұржолдың анасы мен әкесінің баласына берген тәрбиесі, оны жастайынан еңбекке баулып, үлкен ер-азамат етіп тәрбиелегені қазақ халқының кез келген ата-анасына үлгі боларлықтай көрініс екені анық.
Енді Нұржол Швейцариядан алған тәжірибесін туған жеріне алып келетін қазақтың басына біткен жарық жұлдызы болатынына сенеміз. Ал KAU-дағы зерттеу гранты оны ғылыми салаға жетелейді. Әлі алда талай белестерді бағындыратын жас таланттың бармақтай бағы – бұдан әрі де жан-жақты өрілетініне еш күмән жоқ.
Осылайша, қарапайым магнит сатушыдан басына бақ қонған жұлдызға айналған Нұржол Алмас – бүгінгі қазақ жастарының бетке ұстар үлгісі әрі мақтанышы. Оған алдағы өмір жолында жарқын болашаққа апарар қайырлы білім тілеймін! Бұл оқиғадан «көңілге шек пен шүбәлі ой» алып, қазақ тілінің мәртебесін көтеретін жастар қауымы көбейеді деп сенемін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇