Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
08.06.2025
163
Туған елім, бас ием!
Өткенімен балалық,
Жеткенімен даналық.
Еркелік деп түсінген
Мінезімді шалалық,
Туған елім бас ием!
Әлпештеген бағымды,
Сындырмаған сағымды.
Бесігімді тербетіп,
Алтын қылған тағымды,
Туған елім, бас ием!
Құт дарытып қаныма,
Бақ қондырған жаныма.
Шұғыладан нұр шашып,
Іңкәр қылған таңына,
Туған елім, бас ием!
Меруерттей кең жазығым,
Бар рухани азығым.
Адасқанда жөн сілтеп,
Болған Темірқазығым,
Туған елім, бас ием!
Елеместен сындарды,
Жазған жырым тыңдалды.
Баптап келешегімді,
Бағындырған шыңдарды,
Туған елім, бас ием!
Бойтұмар боп сақталған,
Жан сырымды ақтарған.
Сендегі түп-тамырым
Үміт болып ақталған,
Туған елім, бас ием!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter