Өлеңдер ✍️
Төбе бидің мазары
Бертінге дейін жұмбақ болған жерім,
Маңайы қасиетке толған жерім.
Ел білсін аруағымен қолдап тұрған
Солтүстік Қазақстанның қорған жерін.
Ерлерім ешбір жауға бермеген жер,
Тектінің ұл-қыздарын тербеген жер.
Картада "Киелі жер" деп аталған,
Тоқсан би Жабайұлы жерленген жер.
Он бесте қозғап елдің ахуалын,
Халқына арналған әр шаруасы.
Аталып кеткен "Дала данышпаны"
Болған соң айтқан сөзі бәтуалы.
Ұрпақтың жарамаса керегіне,
Тарихи мәліметтің керегі не?
Алаштың Төбе биі болып кеткен,
Үңілсек ғалымдардың дерегіне.
Тоқсан би Жабайұлы - өз Керейім,
Танытқан шешендікпен сөз мерейін.
Бабамның өнегелі жолын оқып,
Тектіге лайық болып өзгерейін.
Солтүстік - тектілердің аймағы ғой,
Елдің сүт бетіндегі қаймағы ғой.
Айналған тоғыз жолдың торабына
Бейіті көріпкелдік айғағы ғой.
Ілінген бүкіл елдің назарына,
Тақырып қаламгердің жазарына,
Жол жүрсең, жол үстінде тұрған киең,
Соғып кет, Төбе бидің мазарына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇