Өлеңдер ✍️
Жарапазан
Жүргеннен соң өмірдің базарында,
Бір болайық Алланың назарымда.
Әрбір қазақ өзімнің туысқаным,
Ұлттық болмыс байқалса жазарымда.
Асымызды дайындап қара қазан,
Төрімізге жайғасар Жарапазан.
Рахат болмас аузыңды бекіткенде,
Пайдасына Отанның жарамасаң.
Мол сауаптың қаламын ұштағанмен,
Кәусар бұлақ суынан ұртағанмен.
Жарапазан естімей балалардан
Тыныштық жоқ Ораза ұстағанмен.
Айналмадым қоғамның жаманына,
Үйір болып дүниенің харамына.
Нан мен майы жоқ үйді көрген жоқпын,
Қалай кінә артайын заманыма.
Әрбір үйдің толып тұр дастарқаны,
Бұл да тоқтық дәуірдің расталғаны.
Өз ауылын кекіріп боқтар ердің
Тойғанынан секіре бастағаны.
Не мән жатыр бүгіннің тірлігінде?
Қасиеті қалмайтын түндігінде.
Жарапазан төсінде айтылмаса,
Мағына жоқ халықтың бірлігінде...
Өз жұртымның көрсем де сараңдығын,
Көрмей кетсем арман жоқ арамдығын.
Өлең сөздің маңызы бола қоймас,
Қымбат боп тұр елімнің амандығы...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇