Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
29.05.2025
427
Есіл ағам
Мен сенімен әрдайым мақтанамын,
Өзің барда қашан да шаттанамын.
Есіл аға жағам боп тұрған кезде,
Өзенге сыр шертетін Астанамын.
Өз балаңдай мәпелеп бауырыңды,
Әке болып таң қылдың ауылыңды.
Сенің арқаң суыққа тонбағаным,
Басып жүрсем, іштегі дауылымды.
Бауыр түгіл, жылатқан балаларын
Көріп жүрміз қоғамның шалаларын.
Әке орнын баса алмай қалған кезде,
Ешкім таға қоймайды ағаға мін.
Демек, мінсіз адамсың асыл ағам,
Туыс, жолдас, ел үшін жалындаған.
Қажет емес ағалық қамқорлығың,
Әкелігің тұрған соң лапылдаған.
Қанатыңның астына алған жансың,
Шабыттанып биіктен байқалғансың
Туыстардың абызы болмақ түгіл,
Ел бағына жаралған майталмансың.
Шыққан сайын өмірдің әр қырына,
Бауырлардың үңілем жан сырына.
Әкесі жоқ адамның пана болар
Есіл аға бұйырсын тағдырына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇